ҚазҰУ түрік медицинасының тәжірибесін қолданады — ҚазҰУ

ҚазҰУ түрік медицинасының тәжірибесін қолданады

9 қазан 2026
ҚазҰУ түрік медицинасының тәжірибесін қолданады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Алания қаласының мэрі, OFM ауруханасының негізін қалаушы әрі бас директоры Осман Тарыкпен кездесті. 

Тараптар ҚазҰУ мен Аланияның жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік байланысты дамыту барысын пысықтады. Сонымен қатар медицина және денсаулық сақтау факультетінің студенттерін OFM ауруханасында тағылымдамадан өткізу мәселесін талқылады.

Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ қалашығын дамытудың екінші кезеңі аясында университеттік клиника салу жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Біз халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, әсіресе медицина және денсаулық сақтау саласында тәжірибе алмасуға ерекше мән береміз. Түркияның медициналық қызмет көрсету мен медициналық туризмді дамытуда тәжірибесі мол. OFM ауруханасымен серіктестік орнату білім алушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге зор мүмкіндік береді», – деді ректор.

Өз кезегінде Осман Тарык: «ҚазҰУ сияқты жетекші қазақстандық университетпен ынтымақтастықты нығайту біз үшін маңызды. Білім беру мен медицинаны ұштастыру арқылы студенттердің тәжірибелік дайындығын шыңдап, мамандар арасында біліктілік алмасуға және ортақ жобаларды жүзеге асыруға жол ашылады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы байланысты арттырып, нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін», – деді.

Бұдан бөлек, Аланияның туристік әлеуетін ескере отырып, ҚазҰУ сарапшылары мен жергілікті ұйымдардың қатысуымен тұрақты туризм, қалалық инфрақұрылымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша бірлескен жобалар әзірлеу мәселесі қарастырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі