- Басты бет
- Жаңалықтар
- География және табиғатты пайдалану факультетінде халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерді арттыру мәселелері талқыланды
География және табиғатты пайдалану факультетінде халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерді арттыру мәселелері талқыланды
2026 жылғы 7 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде Басқарма Төрағасының орынбасары – Бірінші проректор С.Қ. Ермекбаевтың профессор-оқытушылар құрамымен кездесуі өтті.

Кездесудің негізгі тақырыбы университеттің халықаралық рейтингтердегі позициясын нығайту, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және профессор-оқытушылар құрамының қызмет тиімділігін бағалау жүйесін жетілдіру болды.
Кездесу барысында бірінші проректор факультеттің қазіргі көрсеткіштеріне талдау жасап, оқытушылардың ғылыми жарияланымдар белсенділігі, ғылыми еңбектердің дәйексөз алу деңгейі, халықаралық ғылыми ынтымақтастық, сондай-ақ оқытушылар мен докторанттардың академиялық ұтқырлығы мәселелеріне тоқталды.
Scopus және Web of Science халықаралық мәліметтер базаларында индекстелетін ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыруға, Q1 және Q2 квартильдеріне жататын жоғары рейтингті журналдардағы мақалалардың үлесін көбейтуге, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің дәйексөз алу көрсеткіштерін жақсартуға ерекше назар аударылды.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, 2022–2026 жылдар аралығында факультет ғалымдарының Scopus базасында индекстелген 490 ғылыми еңбегі жарияланған. Факультеттің халықаралық ғылыми ынтымақтастығы 49 елді қамтиды, ал шетелдік зерттеушілермен бірлесіп жарияланған ғылыми мақалалар саны 197-ге жеткен. Факультеттің негізгі ғылыми серіктестері қатарында Қытай, Венгрия, Германия, АҚШ және басқа да елдердің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары бар.
Кездесуде талқыланған маңызды мәселелердің бірі – факультет пен кафедралардың 2026–2027 жылдарға арналған қызмет тиімділігінің негізгі көрсеткіштері (KPI) болды. Атап айтқанда, ғылыми жарияланымдар санын арттыру, шетелдік ғалымдармен бірлескен зерттеулерді дамыту, халықаралық академиялық ұтқырлықты кеңейту, білім беру бағдарламаларының сапасын жетілдіру және ғылыми-білім беру қызметін дамытуға қосымша ресурстар тарту міндеттері қарастырылды.
Сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамының қызмет нәтижелілігін бағалау жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. Ғылыми жарияланымдарға қойылатын талаптардағы өзгерістер мен белгіленген KPI көрсеткіштеріне қол жеткізгені үшін еңбекақы төлеудің сараланған жүйесі таныстырылды.
.jpeg)
Бірінші проректор халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге және жетекші шетелдік университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты жандандыруға ерекше көңіл бөлді. Басым бағыттар ретінде шетелдік ғалымдарды дәрістер мен ғылыми семинарларға тарту, докторанттарға бірлескен ғылыми жетекшілік ету, ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру және халықаралық бірлескен жарияланымдарды көбейту мәселелері атап өтілді.
Бұдан бөлек, факультеттің 2025–2026 оқу жылындағы академиялық ұтқырлық нәтижелері қарастырылды. Аталған кезеңде факультет оқытушылары мен докторанттары әлемнің 20 еліне 88 рет іссапарға шыққан. Оның ішінде профессор-оқытушылар құрамының үлесіне 49, ал докторанттардың үлесіне 39 іссапар тиесілі.
Кездесу қорытындысы бойынша халықаралық ғылыми ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту, ғылыми жарияланымдар белсенділігін арттыру, академиялық алмасу бағдарламаларын кеңейту және факультеттің ғылыми әлеуетін дамыту бағытындағы алдағы міндеттер айқындалды.
Аталған кездесу География және табиғатты пайдалану факультетінің стратегиялық даму басымдықтарын талқылауға, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі беделін нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды.
Басқа жаңалықтар