ҚазҰУ-дың Әзербайжан орталығында Ләтифа Оруждың «Құпия жүрістер» романының тұсаукесері өтті — ҚазҰУ

ҚазҰУ-дың Әзербайжан орталығында Ләтифа Оруждың «Құпия жүрістер» романының тұсаукесері өтті

10 қазан 2026
ҚазҰУ-дың Әзербайжан орталығында Ләтифа Оруждың «Құпия жүрістер» романының тұсаукесері өтті

ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Түріктану және шығыс елдерінің тарихы кафедрасы  жанындағы Әзербайжан тарихы мен мәдениеті орталығында белгілі әзербайжандық жазушы Ләтифа Оруждың «Құпия жүрістер» романының таныстырылымы өтті.

Іс-шара оқытушылар мен студенттерді қазіргі әзербайжан әдебиетімен таныстыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға арналды.

Қазақстан Республикасындағы Әзербайжан Республикасы Елшілігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы, ғылым кандидаты Вусал Раджабали оглы Алиев, Шығыстану факультетінің оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ Әзербайжан орталығының өкілдері қатысты.

Вусал Раджабали оглы Алиев құттықтау сөз сөйлеп, осындай әдеби-мәдени іс-шаралардың Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық және гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы маңызын атап өтті.

Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының меңгерушісі, PhD, ассистент профессора м.а. Халел Агнур осындай кездесулердің студенттердің Әзербайжан тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне деген қызығушылығын арттырудағы маңыздылығын атап өтті.

Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Шадкам Зубайда мұндай іс-шаралардың ғылыми және мәдени ынтымақтастықты дамытуға, мәдениетаралық диалогты кеңейтуге және студенттерді Әзербайжанның қазіргі әдеби үдерісімен таныстыруға ықпал ететінін атап өтті.

Кафедраның аға оқытушысы, PhD Қуанышбаев Ержан Айтуұлы роман туралы мазмұнды баяндама жасап, шығарманың көркемдік және мәдени маңыздылығына тоқталды.

Роман авторы Ләтифа Оруж шығармашылық жолы, шығарманың жазылу тарихы мен ерекшеліктері туралы айтып берді. Кездесу барысында оқытушылар мен студенттер жазушыға сұрақтар қойып, романның тақырыптарын талқылап, қазіргі әзербайжан әдебиеті туралы қосымша ақпарат алды.

Ләтифа Оруж Әзербайжан Жазушылар одағының, Халықаралық жазушылар одағының, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан жазушылар одақтарының, сондай-ақ Түркия Әдеби қорының құрметті мүшесі. Сонымен қатар ол Әзербайжан Жазушылар одағының Президенттік стипендиясының иегері.

Таныстырылымның ерекше маңызы  «Құпия жүрістер» романының әзербайжан тілінен қазақ тіліне аударылғандығында. Бұл Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы әдеби және мәдени ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болды.

Таныстырылым Шығыстану факультетінің маңызды мәдени-ағартушылық іс-шараларының біріне айналды. Осындай кездесулер студенттердің Шығыс халықтарының мәдениеті мен әдебиетіне қызығушылығын арттыруға, мәдениетаралық диалогты кеңейтуге және Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.