Ректор Қытай ғалымдарын бірлескен зерттеулерге шақырды — ҚазҰУ

Ректор Қытай ғалымдарын бірлескен зерттеулерге шақырды

12 қазан 2026
Ректор Қытай ғалымдарын бірлескен зерттеулерге шақырды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Үрімжі қаласындағы Қытай ғылым академиясы Синьцзян экология және география институтының ғылыми-зерттеу қызметімен танысты.   

Сапар барысында ҚазҰУ басшысы институттың зертханаларын аралап, ғалымдардың экология мен география саласында жүзеге асырып жатқан жобаларын көрді. 

Институт мамандары ғылыми жобалардың негізгі нәтижелерін таныстырып, экологиялық жағдайды анықтау, шөлейттену, су ресурстарын басқару және қоршаған ортаның өзгерістерін бақылау бағытындағы зерттеулер туралы мәлімет берді.

Кездесуде Жансейіт Түймебаев институт басшылығы мен ғалымдарға ҚазҰУ зерттеушілерімен бірлесіп, ғылыми ізденістер жүргізуді ұсынды. ЖОО басшысы университеттің жоғары ғылыми-инфрақұрылымдық әлеуетін атап өтіп, ҚазҰУ базасында Орталық Азиядағы қуатты суперкомпьютер мен Қашықтан зондтау орталығы жұмыс істейтінін жеткізді.

Ректордың айтуынша, аталған орталықтардың мүмкіндіктерін пайдалану бірлескен ғылыми зерттеулердің ауқымын кеңейтіп, экология және география салаларындағы өзекті мәселелерді заманауи технологиялар арқылы зерделеуге жол ашады.

Синьцзян экология және география институтының мамандары ҚазҰУ-мен әріптестік байланысты одан әрі күшейтуге дайын екендіктерін білдірді.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі