Швейцария университеттерімен жаңа жобалар дамиды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Швейцария Конфедерациясының Қазақстан мен Тәжікстандағы төтенше және өкілетті елшісі Кристина Хонеггер-Золотухинмен кездесті.
Жүздесуде тараптар білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылап, швейцариялық жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстарды кеңейтуге басымдық берілді.

Университет басшысы ҚазҰУ-дың халықаралық жетістіктері мен ғылыми әлеуетін таныстырды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ Швейцарияның үш жоғары оқу орнымен әріптестік орнатқан. Аталған байланысты одан әрі нығайту және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде нақты ұсыныстар білдірді.

Өз кезегінде елші Кристина Хонеггер-Золотухин ҚазҰУ бастамаларына жоғары баға берді. «ҚазҰУ-дың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамалары жоғары әлеуетке ие. Әсіресе су дипломатиясы, бірлескен ғылыми зерттеулер және академиялық алмасу бағыттарындағы әріптестікті кеңейтуге мүмкіндік мол. Елшілік алдағы уақытта да өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын», – деп атап өтті.

Келіссөз нәтижесінде қос тарап арнайы жұмыс жоспары аясында бірлескен жобаларды үйлесімді жүзеге асыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар