Еңбегі лайықты бағаланған ұстаз — ҚазҰУ

Еңбегі лайықты бағаланған ұстаз

13 қазан 2026
Еңбегі лайықты бағаланған ұстаз

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­те­тінің халықаралық қатынастар факуль­тетінің профессоры, экономика ғылымының докторы Қарлығаш Мұхтарова мерейлі жас – жетпісте. 

Қарлығаш Сапарқызы мерей­тойға отандық экономика ғылымына елеулі үлес қосқан ғалым, мәртебелі ұстаз, сүйікті ана ретіндегі өмірлік жетістік­терімен келіп отыр. 

Ғалым қырық жылдан аса өмір­лік жолын Қазақстан қоғамына жоғары маманданған шәкірттер даяр­лауға арнады. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық уни­верситетіндегі оқытушылық қызметінен кейін, 1996 жылдан бері Қарлығаш Сапарқызының кәсіби қалыптасып, кемелденуі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланысты. Әсіресе Менеджмент және маркетинг кафедрасын басқарған кезінде басқару саласына сапалы мамандар даярлау үдерісіне белсенді араласты. Ғалым әр жылдары Республикалық ғылыми-әдістемелік бірлестігінің «Менеджмент», «Маркетинг», «Мем­лекеттік және жергілікті бас­қару» бағыттары бойынша секциялардың төрағасы қызметін атқара отырып, сапалы, қазіргі заман талабына сай мазмұнды оқу бағдарламаларын жасауға көп үлес қосты. Қарлығаш Сапарқызы сол сияқты университеттің оқу бағдарламаларын жаңғырту үдерісіне белсенді атсалыс­ты. 2016 жылы ғалымның бас­шы­лығымен мынадай үш оқу бағ­дарламасына лицензия алынды: DBA, логистика бойынша магис­тр­лік бағдарлама, маркетинг бо­йынша докторлық бағдарлама. 

Ғалымның ғылыми жолдағы ізденісі Серго Орджоникид­зе атындағы Мәскеу басқару академиясына аспирантураға қа­­­был­дануынан басталды. Со­ның нәтижесінде «Эко­но­ми­­­ка саласындағы басқару» ма­­мандығы бойынша кан­ди­даттық диссертация қорғады.

2004 жылы «Экономи­ка са­ласындағы басқару» ма­мандығы бойынша докторлық диссертациясында Қарлығаш Сапарқызы кедейлік және жұмыспен қамту мәселелерін ғылыми тұрғыда терең зерттеді. Бұл еңбек ұлттық экономика ғылымына қосылған тың еңбек ретінде бағаланды. Сөйтіп, 2007 жылы экономика саласы бойынша профессор атағына ие болды. 

Қарлығаш Мұхтарова ғылыми кеңестерді басқарып және оған мүше бола отырып, экономиканың өзекті бағыттары бойынша ғылым мамандарын толықтыруға, ғы­­лыми жаңа бағыттардың қа­­лып­тасуына ерекше күш-жі­гер жұм­сады. Ғалымның бас­шы­лығымен «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Менеджмент» мамандықтары бойынша 8 PhD докторы, 11 ғылым кандидаты даяр­ланды. 

Зерделі ғалымның ғылыми баспа, жарияланым саласындағы қызметі айрықша мәнге ие. 2014-2018 жылдары «ҚазҰУ хабаршысы. Экономика серия­сы» журналының редколлегия мү­шесі және редакторы, BSCO халықаралық деректер қорына кіретін «Central Asian Journal of Social Sciences and Humanities» журналының ғылыми редакторы қызметін атқарды. 

Бүгінде Қарлығаш Сапарқызы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халық­ара­лық қатынастар мен әлемдік эко­номика кафедрасының профессоры ретінде белсенді ғы­­лыми-педагогикалық, қоғамдық қызмет атқаруда. 

Профессор Қарлығаш Са­­пар­­қызы оннан астам ғылыми мо­нографиялар мен оқу құ­рал­дарының, үш жүзден астам отандық және шетелдік мақалалардың ав­торы. Ғалым кәсіби қызметі барысын­да жетіден астам ғылыми жоба­ларға қатысып, жетекшілік ет­ті. Оның еңбек жолында жеткен жетістіктері мемлекеттік, университеттік деңгейдегі мара­пат­тар арқылы бағаланды. Әсі­ре­се профессордың маңдай тері 2023 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен айғақталды. Қарлығаш Мұхта­ро­ваның кеудесіне осы мемлекеттік ма­рапатты тағуы ұзақ жылдық еңбектің бағалануы деп білемін.

Қарлығаш Сапарқызына ме­­рей­­­тойында мықты денсаулық, отбасына амандық тілей отырып, болашақта шәкірттерді тәрбиелеуде, ғылымды дамытуда әлі де қосатын үлесің мол болсын деген тілек айтқым келеді.

Мәнсия САДЫРОВА, 

социология ғылымдарының докторы, Әлеуметтану және 

әлеуметтік жұмыс кафедрасының профессоры