ЖИ технологияларын тиімді меңгеру
Бүгінгі таңда білім беру жүйесі бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеріп жатыр. Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, ғарыштық мониторинг пен заманауи геоақпараттық жүйелер біздің күнделікті өміріміз бен ғылымымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Ақпарат ағыны тасқындай аққан бұл дәуірде оқытушының да, студенттің де рөлі қайта саралануда.
Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби бабамыз: «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деп тегін айтпаған. Бүгінгі цифрлық ақпарат ағынында осы парасаттылық пен сыни көзқарас ауадай қажет. Себебі технология қаншалықты дамығанымен, оны игілікке немесе залалға жұмсау адамның ішкі мәдениеті мен ар-ожданына байланысты. Тәрбие мен парасаттылықпен астасқан білім ғана жастарды құр ақпарат жинаушыдан ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын шынайы тұлғаға айналдырады.
Осы орайда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заман ағымынан қалмай, білім беруде цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын тиімді меңгеру саясатын белсенді жүргізіп келеді. Университет қабырғасында оқытушылар мен студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыру, ЖИ құралдарын ғылыми ізденіске қауіпсіз әрі әдепті (этикалық) қолдану бойынша арнайы біліктілік курстары, AI-Sana сияқты инновациялық бағдарламалар мен заманауи білім беру платформалары сәтті енгізілуде. Бұл – оқу процесін цифрландырып қана қоймай, жастарымызды әлемдік ғылыми бәсекеге дайындаудың нақты қадамы.
Цифрлық трансформация мен халықаралық танымалдылық нақты тарихи жетістіктермен көрініс табуда. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) саласындағы әлемдік көшбасшы – «Esri» компаниясының беделді Special Achievement in GIS (SAG Award) марапатына ие болды. Бұл – Орталық Азия өңірі бойынша берілген алғашқы әрі бірегей халықаралық марапат.
Сонымен қатар заманауи цифрлық бағыт бойынша біздің факультет те қалыс қалып жатқан жоқ, Картография және геоинформатика кафедрасында жаңа оқу жылынан бастап «6B07124 – Пилотсыз авиациялық жүйелер» инновациялық дуалды білім беру бағдарламасы ресми түрде іске қосылды. «Arial Solution» ЖШС Дрон орталығымен бірлесе жүзеге асатын бұл бағдарлама студенттерге теориялық білімді өндірістік ортада БПЛА арқылы аэрофототүсірілім жасау, 3D-модельдеу және мониторинг жүргізу дағдыларымен ұштастыруға жол ашады. Далада ұшқышсыз аппараттармен жиналған деректердің суперкомпьютерде өңделіп, әлемдік ГАЖ технологияларымен интеграциялануы – заманауи отандық ғылымның айқын көрінісі.
Ал осындай озық инфрақұрылым мен заманауи білім беру мүмкіндіктері жүзеге асқан шақта ең басты мәселе – сол мүмкіндікті тиімді пайдалана алатын жаңа буын мамандарын қалыптастыруда.
Өйткені заманауи студент – ол тек ақпарат жинаушы емес, терең ізденуші-зерттеуші. Хакім Абайдың «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба...» деген өсиеті дәл қазіргі жастар үшін өмірлік бағдаршам болуы тиіс. Бүгінгі студентке тек дайын дәрісті жазып алып, емтихан тапсыру жеткіліксіз. Заман талабы – сыни ойлай білетін, цифрлық дағдыларды терең меңгерген, ғаламтордағы ақпаратты сараптап, ғылыми ақиқатты таба алатын тұлға қалыптастыру. Ғылымға қадам басқан әрбір жас өзін тек білім алушы ретінде емес, елдің ертеңгі экологиялық, экономикалық және технологиялық қауіпсіздігіне үлес қосатын болашақ маман ретінде сезінуі тиіс.
Биылғы оқу жылында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетін таңдап, қара шаңырағымыздың босағасын аттаған бірінші курс студенттерін жүрекжарды қуанышымен құттықтаймын.
Сіздер өте дұрыс әрі жауапты таңдау жасадыңыздар. Жер бедерін зерттеу, табиғи құбылыстар мен қауіп-қатердің сырын ұғу, климаттың өзгеруі мен экологиялық мәселелерге шешім табу, заманауи геокеңістіктік технологияларды меңгеру – бұл тек заманауи мамандық қана емес, үлкен азаматтық әрі ғылыми миссия. ҚазҰУ-дың бай ғылыми мектебі мен қара шаңырағы аудиториядағы теориялық білімді ғана емес, далалық зерттеулер мен зертханалық ізденістер арқылы үлкен ғылымға жол ашады. Армандарыңыз асқақ, ізденістеріңіз жемісті болсын!
Қадірлі әріптестерімді, оқытушылар мен ғалымдар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Шәкірт тәрбиелеп, ғылымның ауыр да қызықты жүгін арқалап жүрген еңбектеріңізге шыдамдылық, сарқылмас қайрат пен шығармашылық табыс тілеймін. Әрбір өткізген дәрісіміз бен далалық-зертханалық жұмысымыз ел болашағын жарқын ететін жаңа жаңалықтарға жол ашқай!
Ақтоты БЕКЖАНОВА,
Картография және геоинформатика
кафедрасының оқытушысы
Басқа жаңалықтар