«Табиғатты қорғайық бірге!» атты экологиялық марафон ұйымдастырлды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының тыңдаушылары мен топ кураторы Тұрақты даму мақсаттарының 15-мақсаты – «Құрлық экожүйелерін сақтау» және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында Алматы қаласындағы Ботаникалық бақта «Табиғатты қорғайық бірге!» атты экологиялық марафон ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыру, табиғатқа жанашырлық көзқарасын дамыту және тұрақты даму қағидаттарын насихаттау.
Экологиялық марафон барысында тыңдаушылар табиғатты қорғауға бағытталған бірқатар танымдық және тәжірибелік іс-шараларға қатысты. Атап айтқанда, құстарға арналған ұялар мен жем салғыштар дайындап, оларды қорекпен қамтамасыз етті. Бұл бастама құстардың тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасаудың, әсіресе күзгі-қысқы кезеңде оларға қамқорлық көрсетудің маңызын түсіндіруге бағытталды. Сонымен қатар білім алушылар тиіндерге жержаңғақ ұсынып, жануарлар дүниесіне қамқорлық танытты.
Марафон аясында тыңдаушылар Ботаникалық бақтың «Жапон бағы», «Тропикалық және субтропикалық өсімдіктер оранжереясы», «Солтүстік және Оңтүстік Американың дендрологиясы» экспозицияларымен танысты. Танымдық экскурсия барысында өсімдіктер әлемінің алуан түрлілігі, табиғи экожүйелердің ерекшеліктері және биологиялық әртүрлілікті сақтаудың маңыздылығы туралы білімдерін кеңейтті.
Аталған іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 15-мақсатын іске асыруға, жастар арасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға және «Таза Қазақстан» бастамасының құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Экологиялық марафон білім алушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етті.
Басқа жаңалықтар