ҚазҰУ-дың сегіз ғалымы Stanford – Elsevier халықаралық тізіміне енді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сегіз ғалымы Stanford – Elsevier халықаралық беделді тізімінен орын алды.
Бұл рейтингке ғылыми еңбектеріне әлем бойынша ең жиі дәйексөз келтірілетін зерттеушілердің үздік 2 пайызы енгізіледі. Жетістік иелерінің алтауы ҚазҰУ қызметкерлері болса, екеуі – шетелдік ғылыми серіктестер.
Биылғы тізімге биотехнология, физика, медицина және биомедицина салаларында еңбек етіп жүрген ҚазҰУ өкілдері енді. Олар: Биотехнология кафедрасының профессоры, Ислам ғылымы мен инновациялары халықаралық орталығының директоры Нұралы Әкімбеков, Теориялық және ядролық физика кафедрасының профессор-зерттеушісі Қуантай Бошқаев, Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының профессоры, Денсаулық ғылыми-зерттеу институтының директоры Наталья Глушкова, медицина ғылымының докторы, Денсаулық және қоршаған орта ғылыми-зерттеу зертханасының жетекшісі Денис Винников, Қатты дене физикасы және жаңа материалдар технологиясы кафедрасының профессор-зерттеушісі Гүлмира Яр-Мұхамедова, Биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының профессоры Әлібек Ыдырыс. Сонымен қатар шетелдік оқытушылар – Италиядағы Камерино университетінің өкілі Марко Муччино және Мексиканың Ұлттық автономиялық университетінің (UNAM) профессоры, PhD Эрнандо Кеведо алынды. Дерекқорда ҚазҰУ аффилиациясымен тіркелген ғалымдар университеттің халықаралық ғылыми байланыстарының ауқымын паш етті.
Stanford – Elsevier тізімі ғалымдардың жалпы ғылыми мансабы бойынша және бір күнтізбелік жылдағы дәйексөз көрсеткіштерін жеке санаттар бойынша бағалайды. Сегіз зерттеушінің жетеуі 2025 жылғы нәтижелері бойынша тізімге алынса, Эрнандо Кеведо мен Гүлмира Яр-Мұхамедова ғылыми мансабының барлық кезеңіндегі нәтижелері бойынша үздіктер қатарынан көрінген.
Scopus мәліметтері негізінде 2026 жылғы 7 қазанда жарияланған бәсекелес рейтингте ғалымдардың жарияланымдарына дәйексөз келтіру саны, Хирш индексі, бірлескен авторлық және зерттеушінің мақаладағы орны қатаң ескерілді. Аталмыш жетістік ҚазҰУ-да жүргізіліп жатқан іргелі зерттеулердің жоғары нәтижелілігін және қазақстандық ғылымның әлемдік аренадағы салмағын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар