Қиыр Шығыс кафедрасының шақырылған профессоры халықаралық конференцияда «Шыңғыс-наме» зерттеуін таныстырды — ҚазҰУ

Қиыр Шығыс кафедрасының шақырылған профессоры халықаралық конференцияда «Шыңғыс-наме» зерттеуін таныстырды

9 қазан 2026
Қиыр Шығыс кафедрасының шақырылған профессоры халықаралық конференцияда «Шыңғыс-наме» зерттеуін таныстырды

2026 жылғы 8 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің шақыртылған профессоры Такаши Ниномия Астана қаласындағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «АЛАШ ОРДА: БІРТҰТАС ТҮРКІ ӘЛЕМНІҢ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУЫ ЖӘНЕ ЖОШЫ ҰЛЫСЫНЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Конференцияға Жапония, Түркия, Қырғызстан, Моңғолия және басқа да елдердің зерттеушілері қатысып, Алаш Орда тарихы, Жошы ұлысының тарихи мұрасы және түркі әлемінің мәдениеті мен тарихына қатысты ғылыми мәселелер бойынша баяндамалар жасады. Халықаралық конференция әртүрлі елдердің ғалымдарына өз зерттеулерінің нәтижелерін таныстыруға, ғылыми көзқарастарымен бөлісуге және тарихи-мәдени мұраны зерттеу бағытындағы академиялық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.

Конференция аясында Такаши Ниномия «Morphological and Lexical Features of Chaghatay in the Two Manuscripts of the Chingiz-nama» («Шыңғыс-наменің екі қолжазбасындағы шағатай тілінің морфологиялық және лексикалық ерекшеліктері») атты тақырыпта баяндама жасады.

Зерттеудің негізгі мақсаты – «Шыңғыс-наме» шығармасының белгілі екі нұсқасын, яғни Ыстамбұл және Ташкент қолжазбаларын салыстырмалы лингвистикалық тұрғыдан талдау. Шағатай тілінде жазылған бұл тарихи шығарма Жошы ұлысының тарихымен байланысты жазба мұраны зерттеуде маңызды дереккөздердің бірі болып саналады. Бір шығарманың бірнеше қолжазба нұсқасының болуы олардың тілдік ерекшеліктерін салыстырып, мәтіннің қолжазбалық дәстүрде берілу барысындағы айырмашылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.

Баяндамада екі қолжазбаның сәйкес мәтіндік бөліктері салыстырылып, олардың морфологиялық және лексикалық ерекшеліктеріне назар аударылды. Морфологиялық талдау барысында көптік жалғаулары мен септік көрсеткіштерінің қолданылуындағы айырмашылықтар қарастырылды. Ал лексикалық талдау қолжазбалардағы сөз қолданысына, соның ішінде түркі тілдеріне тән сөздер мен парсы тілінен енген сөздердің арасындағы сәйкестіктерге арналды.

Салыстырмалы талдау нәтижесінде екі қолжазбаның тілдік ерекшеліктеріндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтар қарастырылып, «Шыңғыс-наме» мәтінінің тілін әрі қарай зерттеудің бағыттары айқындалды. Бір тарихи шығарманың бірнеше қолжазбасын салыстыру шағатай тіліндегі тілдік өзгерістер мен нұсқалық ерекшеліктерді тереңірек түсінуге, сондай-ақ мәтіннің қолжазбалар арқылы берілу ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді.