Оқытушыларға арналған цифрлық тренингтер өтті — ҚазҰУ

Оқытушыларға арналған цифрлық тренингтер өтті

14 қазан 2026
Оқытушыларға арналған цифрлық тренингтер өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушыларға арналған білім беру үдерісінің сапасы, академиялық талаптар және тест тапсырмаларын әзірлеу мәселелеріне арналған тренингтер циклі өтті.

Оқыту шараларын Академиялық мәселелер жөніндегі департамент пен Ақпараттық технологиялар департаменті ұйымдастырды. Бағдарлама академиялық саясаттың негізгі талаптарын зерделеу, ішкі нормативтік құжаттармен танысу және Univer мен Moodle ақпараттық жүйелерінде жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруді қамтыды.

Қатысушылар университеттің «Академиялық саясаты», «Сапаны қамтамасыз ету саясаты», «Академиялық адалдық саясаты» және «Оқу нәтижелерін бағалау саясаты» құжаттарының негізгі ережелерін қарастырды. Сондай-ақ білім алушылардың өтініштерін қарау қағидалары мен «Академиялық гайд» сияқты жаңа құжаттарға ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, оқу жұмыстарының мәтіндерінде өзге дереккөздерден алынған материалдарды тексеру тәртібі, жасанды интеллектіні қолдану ережелері және ҚазҰУ-дың «Оқу үдерісінің сапасын бақылау» рәсімінің жаңартылған нұсқасы талқыланды.

Практикалық сабақтар тест тапсырмаларын әзірлеу мен тестілеуді ұйымдастыруға арналды. Оқытушылар сұрақтар мен жауап нұсқаларын құрастыру, тапсырмалардың күрделілік деңгейін анықтау және оларды оқу нәтижелерімен сәйкестендіру жолдарын пысықтады. Сонымен қатар Univer жүйесінде тест сұрақтарының қорын қалыптастыру және тексеру, Moodle платформасында тестілеуді баптау мен өткізу тәсілдерін қарастырды.

Тренингтерді университеттің тиісті құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері өткізді. Олар: Білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз ету басқармасының басшысы Әсел Мусинова, Академиялық талдау және білім сапасын бақылау офисінің жетекшісі Әсем Ботаева, Академиялық және цифрлық инновациялар офисінің жетекшісі Илья Круговых және Ақпараттық технологиялар департаменті Ақпараттық бизнес-логиканы дамыту басқармасының басшысы – цифрлық офицері Кирилл Кохан.

Сабақтар барысында оқытушылар академиялық жұмысқа қатысты сұрақтарына жауап алып, білімді бағалау және цифрлық құралдарды пайдалануда кездесетін практикалық жағдайларды талдады.

Тренингтер университетте оқу нәтижелерін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға, тест тапсырмаларының сапасын арттыруға және академиялық талаптарды бірізді қолдануға бағытталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі