ҚазҰУ медицина саласындағы ғылыми әлеуетін арттыруда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев оқу ордасына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев бастаған делегациямен кездесті.
Жүздесуде тараптар медицина саласындағы әріптестік байланысты нығайту мәселесін талқылады. Бұған қосымша, қатысушылар медициналық білім беру мен практикалық денсаулық сақтау саласының өзара ықпалдастығын арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев университет базасындағы медицина және денсаулық сақтау факультетінің негізгі қызметін таныстырып, жетістіктері туралы мәлімет берді. Факультет қысқа мерзім ішінде халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланымдар саны бойынша жоғары нәтиже көрсетті.

Сондай-ақ ректор ҚазҰУ-дың ІІ даму кезеңінің жоспарына сәйкес, университет қалашығында университеттік емхана салу көзделіп отырғанын айтты.

Өз кезегінде ҚР денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев ҚазҰУ-дың медицина кадрларын даярлаудағы үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін университеттер мен медициналық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

Сапар аясында құрметті қонақтар Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, Суперкомпьютер орталығы және Ми институтының жұмысымен танысып, ғалымдар жүргізіп жатқан инновациялық жобаларды көрді.














Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар