«Адалдық пен әділдік: жас ұрпақтың таңдауы» тақырыбында іс-шара өтті. — ҚазҰУ

«Адалдық пен әділдік: жас ұрпақтың таңдауы» тақырыбында іс-шара өтті.

16 қазан 2026
«Адалдық пен әділдік: жас ұрпақтың таңдауы» тақырыбында іс-шара өтті.

                 2026 жылғы 16 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінде студенттер мен магистранттарға арналған «Адалдық пен әділдік: жас ұрпақтың таңдауы» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды.

        Кездесуге Түрксіб ауданы Полиция басқармасының аға анықтаушысы, полиция подполковнигі Абданбаева Ғажайып Алайдарқызы арнайы шақырылды.

       Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға деген құрметін қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдағы адалдық пен әділдік құндылықтарын насихаттау.

        Іс-шара барысында құқықтық және әлеуметтік мәселелер, құқық бұзушылықтардың себептері мен салдары, Қазақстан Республикасының заңнамалық кодекстері, сталкинг, алаяқтық, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату және осы әрекеттер үшін көзделген жауапкершілік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, студенттердің жеке құқықтары мен міндеттері, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік және түрлі алаяқтық схемалардан қорғану жолдарына ерекше назар аударылды.

                Ғажайып Алайдарқызы жастарға күнделікті өмірде заң талаптарын білу мен сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, күмәнді ұсыныстарға сенбеу, жеке деректерді қорғау, әлеуметтік желілерде ақпарат таратқанда жауапкершілік таныту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша пайдалы кеңестер берді.

        Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер мен магистранттар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманмен пікір алмасты. Іс-шара жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және заңды құрметтеу қағидаттарын нығайтуға ықпал етті.

              Іс-шара студенттер мен магистранттарға үлкен әсер қалдырып, заңды білу, өз құқықтарын қорғау және әрбір әрекет үшін жауапкершілік алу қажеттігін терең түсінуге мүмкіндік берді.

      Осындай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, адалдық пен әділдікті өмірлік ұстаным ретінде қалыптастыруға жол ашады.

 

Ұйымдастырушы

ф.ғ.к., қауымд. профессор  Беккожанова Гульнар Кисметоллаевна