География және табиғатты пайдалану факультетінің өкілдері Түркі әлемі ұлттық ғылым академиялары одағының IX Бас Ассамблеясы жиынына қатысты — ҚазҰУ

География және табиғатты пайдалану факультетінің өкілдері Түркі әлемі ұлттық ғылым академиялары одағының IX Бас Ассамблеясы жиынына қатысты

16 қазан 2026
География және табиғатты пайдалану факультетінің өкілдері Түркі әлемі ұлттық ғылым академиялары одағының IX Бас Ассамблеясы жиынына қатысты

2026 жылғы 16 қазанда Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында Түркі әлемі ұлттық ғылым академиялары одағының (UNASTW) IX Бас Ассамблеясының отырысы өтті. Халықаралық ғылыми іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.

Аталған Бас Ассамблеяның жұмысына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультетінің профессор-оқытушылар құрамы, докторанттары мен магистранттары қатысты.

Халықаралық жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің ұлттық ғылым академияларының басшылары, Халықаралық Түркі академиясының өкілдері, жетекші ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың өкілдері жиналды. Отырыста түркі мемлекеттері арасындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту, бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын дамыту және академиялық байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ассамблея барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев «Түркология: тарихи тамырлар, заманауи үдерістер және интеграциялық парадигмалар» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде ректор Жошы Ұлысы мен Алтын Орданың тарихи маңызын атап өтіп, олардың Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттіліктің қалыптасуы мен өркениеттік үдерістердің дамуындағы маңызды рөліне тоқталды.

Жиынның маңызды нәтижелерінің бірі – дала өркениетін, Алтын Орда мен Жошы Ұлысын бірлесіп зерттеуге бағытталған халықаралық ғылыми консорциум құру туралы келісімге қол қойылуы болды. Сонымен қатар халықаралық ғылыми әріптестікті одан әрі дамытуға бағытталған 2027-2031 жылдарға арналған бірлескен ғылыми іс-шаралардың жол картасы таныстырылды.

География және табиғатты пайдалану факультеті өкілдерінің аталған іс-шараға қатысуы халықаралық ғылыми зерттеулердің заманауи бағыттарымен танысуға, ғылыми көзқарастарын кеңейтуге және жас зерттеушілердің пәнаралық ғылыми ынтымақтастыққа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.

Мұндай халықаралық ғылыми алаңдар академиялық ортаны дамытуда, ғылыми білім мен тәжірибе алмасуда, сондай-ақ докторанттар мен магистранттарды халықаралық ғылыми қауымдастыққа тартуда маңызды рөл атқарады.