ҚазҰУ оқытушысы жаңа пәтердің иесі атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетіндегі Археология, этнология және музеология кафедрасының аға оқытушысы Әйгерім Есенаманова жаңа пәтердің иесі атанды.
Пәтер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас ғалымдарды қолдау жөніндегі тапсырмасы аясында берілді. Бұл бастама ғылым саласында еңбек етіп жүрген жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Баспана сертификатын ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев академияның 80 жылдығына арналған салтанатты жиында табыстады.
Әйгерім Есенаманова бұл қуанышты сәттің өзі үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, жас зерттеушілерге көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын білдірді.

«Бүгін мен үшін ең қуанышты күндердің бірі. Жас ғалым ретінде жаңа пәтердің иесі атанып отырмын. Бұл еліміздің ғылымға, жас зерттеушілерге деген үлкен сенімі деп білемін. Осындай мүмкіндікті сыйлаған Қазақстан Президентіне, министрлікке және қара шаңырақ ҚазҰУ-ға алғысым шексіз. Болашақта ғылым жолында аянбай еңбек ететін боламын», – деді Әйгерім Серікқызы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар