2026 жылы 15 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісованың «Әнмен тербелген қазақ даласы» атты дәріс-концерті өтті. Тұрақты даму мақсаттарының №4 – «Сапалы білім беру» бағытымен сабақтасқан рухани-мәдени шара Филология факультеті Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының «Тағылым мектебі» кездесулер сериясы аясында ұйымдастырылды. Кездесуді кафедра меңгерушісі м.а. Самал Дәрібайұлы ашып, «Тағылым мектебі» сериясының мақсаты мен маңызына тоқталды. Ол мұндай кездесулердің академиялық білімді рухани тәрбиемен ұштастыруға, ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге және жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті. Шараға кафедра оқытушысы, ассистент-профессор, филология ғылымдарының кандидаты Советхан Тлеубаев модераторлық жасады. Дәріс-концерттің басты қонағы Сәуле Жанпейісова қазақ ән өнерінің көркемдік ерекшеліктері, орындаушылық дәстүрі мен шығармашылық ізденістері туралы ой бөлісті. Шарада «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Аида Адаева баяндама жасады. Кездесуге аталған білім беру бағдарламасының 2-курс және «Әдебиеттану» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттары қатысып, ұлттық өнердің тарихи және көркемдік қырларын тереңірек тануға мүмкіндік алды. Кездесуде зейнеткер ұстаз, ғалым, профессор Зұфар Сейітжанұлы да сөз сөйлеп, ұлттық өнердің ұрпақ тәрбиесіндегі орнына және рухани мұраны кейінгі буынға жеткізудің маңыздылығына назар аударды. Кештің көркемдік бөлімі дәріс мазмұнын әуенмен сабақтастыра түсті. Сәуле Жанпейісованың екі шәкірті ән орындап, ұстаздан алған өнер тағылымын көрсетті. Кеш қонағының өзі де ән шырқап, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Іс-шараға Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Олардың қатарында филология ғылымдарының кандидаты доцент Болатхан Сарбасов, Сәлима Қалқабаева, филология ғылымдарының кандидаты Еркінгүл Солтанаева, аға оқытушы Шоқан Шортанбай, сондай-ақ Аяжан Тойбазар, Тұрсынбай Ешімов, Талғат Тұрдәлі мен Алуа Асқар болды.
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы
Филология факультеті