- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Генетика және селекция: ғылыми мұра және болашақ даму бағыттары» халықаралық симпозиумы: БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесі және пәнаралық бағыттарды дамыту
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Генетика және селекция: ғылыми мұра және болашақ даму бағыттары» халықаралық симпозиумы: БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесі және пәнаралық бағыттарды дамыту
2026 жылғы 16 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Генетика және селекция: ғылыми мұра және және болашақ даму бағыттары» атты халықаралық симпозиум өтті. Іс-шараны биология және биотехнология факультетінің молекулалық биология және генетика кафедрасы, Биология және биотехнология проблемалары ҒЗИ, Экологиялық тұрақтылық және биоресурстар ҒЗИ бірлесіп, Caspian University серіктестігімен ұйымдастырды.
Симпозиум генетика, селекция, молекулалық биология және биотехнология салаларындағы заманауи ғылыми жетістіктер мен перспективалық бағыттарды талқылауға, сондай-ақ ғылыми дәстүрлер сабақтастығын нығайтуға арналды. Іс-шара әртүрлі биологиялық ғылымдар бағытында зерттеу жүргізетін ғалымдар мен академиялық қауымдастық өкілдерін біріктіріп, ғылыми нәтижелермен алмасуға, пәнаралық зерттеу тәсілдерін талқылауға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді. Симпозиум гибридті форматта ұйымдастырылып, қатысушыларға офлайн және онлайн режимдерінде ғылыми пікірталасқа қосылуға жағдай жасады.
Симпозиум аясында Ресей Ғылым академиясының Н.И. Вавилов атындағы Жалпы генетика институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты Цитология және генетика институты арасында Нейромикробиом ғылыми орталығын құру және оның қызметін ұйымдастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.
Сонымен қатар Қазақстан, Ресей, Франция, Швейцария және Болгария елдерінің жетекші ғалымдары мен жас зерттеушілері ғылыми баяндамалар жасады.
Пленарлық отырыста Қазақстан генетиктері мен селекционерлері қоғамының қалыптасу тарихы, археологиялық олжаларды палеогенетикалық талдау және ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясында ДНҚ-маркерлерді қолдану мәселелері қарастырылды. Drosophila модельдік нысанында транскрипция үдерістерін зерттеуге, техногендік әсерден бұзылған аумақтарға экологиялық-генетикалық мониторинг жүргізуге, генетикалық және эпигенетикалық технологияларға, сондай-ақ митохондрияларды бағдарламаланатын жеткізу тәсілдерінің перспективаларына ерекше назар аударылды.
Секциялық отырыс барысында химиялық қосылыстардың уыттылығы мен геноуыттылығын бағалауға арналған бактериялық биосенсорларды қолдану, ластанған топырақтарды қалпына келтіруде биокөмірді пайдалану, бактерияларға молекулалық-генетикалық талдау жүргізу және өсімдік жасушалары мен ұлпаларының дақылдарында биологиялық белсенді қосылыстардың жинақталуын арттыру мәселелері талқыланды.
Симпозиум БҰҰ-ның 3-ші «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», 15-ші «Құрлық экожүйелерін сақтау» және 17-ші «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге үлес қосты. Іс-шара тұрақты инновацияларды ілгерілетудегі халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызын айқындады.
Молекулалық биология және генетика кафедрасы
Басқа жаңалықтар