ҚазҰУ магистранты HackAlem AI 2026 хакатонының жеңімпазы атанды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің магистранты Әлихан Әмірханов HackAlem AI 2026 халықаралық хакатонының «Инновациялар» бағыты бойынша бірінші орынды иеленді.
Ауқымды шараға 21 елден 2415 қатысушы жиналды. HackAlem AI 2026 қатысушылар саны бойынша жасанды интеллект саласындағы әлемдегі ең ірі хакатон ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Командалар барлығы 1066 технологиялық шешім ұсынды, олардың 60-ы финалға жетті. Жеңімпаздар 12 тақырыптық бағыт бойынша анықталды.
KaskyrAlmaty командасының құрамында Әлихан Әмірханов таныстырған «Хаттама» жобасы практикалық маңыздылығы және жұмыс үдерістерін оңтайландыруда жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерімен ерекшеленді.
«Хаттама» – жиналыстарға арналған интеллектуалды ЖИ-хатшы. Ол қазақ және орыс тілдеріндегі сөйлеуді таниды, жиналыстың мазмұнын талдайды және құрылымдалған хаттамаларды автоматты түрде жасайды. Жүйе негізгі шешімдерді анықтап, тапсырмаларды, жауапты орындаушыларды және оларды орындау мерзімдерін тіркейді.
Әзірлеменің басты артықшылықтарының бірі – жүйені ұйымның өз серверлік инфрақұрылымында орналастыру мүмкіндігі. Бұл құпия ақпаратты бұлттық сервистерге жібермей өңдеуге мүмкіндік береді. Өңдеу аяқталғаннан кейін аудиожазбалар жойылады, осылайша корпоративтік деректердің қауіпсіздігі қосымша деңгейде қамтамасыз етіледі.
Жобаның алғашқы жұмыс нұсқасын команда жасанды интеллект көмегімен бағдарламалауға арналған OpenAI Codex және Claude Code заманауи құралдарын пайдаланып, небәрі бес сағатта әзірледі. Қазақ тіліндегі сөйлеуді тану үшін арнайы модель қолданылады, ал мазмұнды талдау және тапсырмаларды анықтау жергілікті тілдік модель арқылы жүзеге асырылады.
«DigitalEgiz зертханасында NVIDIA компаниясының жасанды интеллектіге арналған ASUS Ascent GX10 суперкомпьютерлерімен жұмыс істедім. Бұл баға жетпес тәжірибе. Бұған дейін сөйлеуді тану модельдері мен тілдік модельдерді жергілікті ортада бірнеше рет іске қосқанмын. Сондықтан хакатон барысында көп уақытымды тиімді пайдаландым», – деді Әлихан.
DigitalEgiz зертханасының жетекшісі, профессор-зерттеуші Гүлшат Аманжолова ғылыми идеяларды нақты жұмыс істейтін технологиялық шешімдерге айналдыру зертхананың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Іс-шараны ұйымдастырушылар мен серіктестер қатарында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Astana Hub бар. Хакатонның ресми серіктесі ретінде OpenAI компаниясы қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар