Penn State университетімен қосдипломды бағдарлама іске қосылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев АҚШ-тың Пенсильвания штаты университетінің (Penn State) магистратура және халықаралық бағдарламалар жөніндегі декан орынбасары Стив Барнспен кездесті.
Тараптар академиялық және ғылыми ынтымақтастықты нығайту, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту және студенттерге халықаралық мүмкіндіктер ұсыну мәселелерін талқылады.

Ректор Жансейіт Түймебаев білім беру саласындағы серіктестікті нығайтуға басымдық беріп, «3+1» форматындағы қосдипломды бағдарламаны жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Жоба аясында заңгерлік және өзге де мамандықтар бойынша білім алатын студенттерге 20-дан астам грант бөлу көзделіп отыр. Бұл бастама жастардың халықаралық академиялық тәжірибесін кеңейтіп, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Стив Барнс Қазақстанның жетекші жоғары оқу орны – ҚазҰУ-мен әріптестік орнатудың стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ құрметті қонақ ынтымақтастықты одан әрі нығайту аясында Penn State университетінен заң ғылымының негізгі салалары бойынша маманданған жетекші профессорлардың ҚазҰУ-ға сапары жоспарланып отырғанын жеткізді. Осы сапар аясында ҚазҰУ студенттеріне дәрістер өткізіліп, шеберлік сабақтары жүргізіледі.

Келіссөз қорытындысы бойынша екі университет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар