Ғасыр бойы шешілмеген есепті тапқан
Сейіл Сауытбеков – физика-математика ғылымдарының докторы, физика-техника факультетінің Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасының профессоры. Қазақ мемлекеттік университеті физика факультетінің 1977 жылғы түлегі. ҚР БҒМ «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының (2007 ж.) және ғылым мен техниканы дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның (2016 ж.) иегері. ҚР БҒМ «ҚР ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі және «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2025 ж.) марапаталған.
Сейіл Сейтенұлы Грекияның Афины қаласында шығатын Journal of Applied Electromagnetism халықаралық ғылыми журналының редакциялық алқасының мүшесі. Сондай-ақ Communications, Electromagnetics and Medical Applications (CEMA) атты Еуропада жылда өткізілетін халықаралық конференциялардың ұйымдастыру комитетінің тұрақты мүшесі.
Сейіл Сауытбеков – толқын өткізгіш трактарда, изотропты және анизотропты орталардағы электромагниттік толқындардың таралуы мен дифракциясы саласының белгілі кәсіби маманы. Оның ғылыми жетекшілігімен дифракциялық сәулелену эффектілеріне негізделген субтерагерцтік диапазондағы антенналардың жаңа түрі жасалып, тәжірибелік сынақтан өткен. Ол сингулярлы интегралдық теңдеулерді классикалық Винер-Хопф әдісі арқылы аналитикалық жолмен шешуді ұсынып, шектелген құрылымдардағы толқындық дифракция теориясын дамытты. Сондай-ақ диадалық Грин функциялары негізінде бір және екі ості анизотропты орталар үшін де электромагниттік толқындардың таралу теориясын құрды.
Көрнекті ғалым Сейіл Сейтенұлы ғасырдан астам уақыт бойы шешілмеген классикалық Зоммерфельд есебінің магниттік орта үшін алғаш рет қатаң аналитикалық шешімін алды. Сонымен бірге кез келген траектория мен қозғалыстағы дипольдің релятивистік ковариантты, кешікпелі электромагниттік потенциалының дәл өрнегін алды. Бұл тек қана дәстүрлі түрде электр заряды үшін қарастырылатын Лиенар-Вихерт потенциалының классикалық нәтижелерін кеңейтеді.
Ол дифракциялық сәулелену теориясы мен Смит-Парселл эффектісінің толқындық аналогтарына арналған сериялы еңбектер жариялады. Дәл сіңіретін шарттар әдісі негізінде Вавилов-Черенков және Смит-Парселл толқындарының резонанстық шашырау модельдері, қуатты да қысқа электромагниттік импульстердің бағытталған сәулелену механизмдері, сондай-ақ аксиалды-симметриялық антенналарда тар және аса тар құйғыш тәрізді бағытталу диаграммаларын қалыптастыру әдістері жасалды.
Мынадай жетекші халықаралық журналдарда100-ден астам ғылыми еңбегі жарияланған: IEEE Transactions on Antennas and Propagation, IEEE Antennas and Propagation Magazine, Progress in Electromagnetic Research, Journal of Applied Electromagnetism және т.б.
«AP19676900 Жерүсті байланысы үшін радиотолқындардың таралуын есептеудің жаңа әдістемесі» (2023-2025), «AP08855557 Электрондар шоғының периодты кедір-бұдырлы шекара үстінен ұшып өткенде туындайтын дифракциялық сәулеленуге байланысты аномалды және резонанстық эффектілерді модельдеу және талдау» (2020-2022) ғылыми жобаларының жетекшісі. Бұл зерттеулер Қазақстанның ғылыми-технологиялық және ақпараттық-технологиялық әлеуетін арттыруға, отандық физика және математика салаларындағы іргелі зерттеулерді дамытуға арналған.
Қайыржан Төрежан
Басқа жаңалықтар