Министр Нұржан Нұржігітов ҚазҰУ ғылыми орталықтарымен танысты — ҚазҰУ

Министр Нұржан Нұржігітов ҚазҰУ ғылыми орталықтарымен танысты

21 қазан 2026
Министр Нұржан Нұржігітов ҚазҰУ ғылыми орталықтарымен танысты

ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бастаған делегация Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмыс сапарымен келіп, оқу ордасының ғылыми-зерттеу орталықтарын аралады. 

Қонақтарды ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қарсы алып, университет ғалымдары жүзеге асырып жатқан жаңа жобалар туралы ақпарат берді.  

Алдымен Нұржан Нұржігітов Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығына барды. Орталықта креативті индустрия, жасанды интеллект, стартаптарды дамыту және жоғары технологиялық өнімдер әзірлеу бағыттарында жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, шетелдік жетекші ғылыми ұйымдардың зерттеу алаңдары орналасқан. Сондай-ақ делегация мүшелеріне Қытай мен Германия тарапынан бірлесіп ашылған Робототехника орталығының қызметі туралы мәлімет берілді. 

Сапар барысында министр химия және химиялық технологиялар факультетінің тоғыз ғылыми зертханасын аралап, ғалымдардың инновациялық жобалары мен зерттеу нәтижелеріне назар аударды. Сонымен қатар  география және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму орталығындағы 10 ғылыми зертхананың негізгі ғылыми бағыттарымен танысты.

Ерекше назар аударған нысандардың бірі – ҚазҰУ базасындағы «Қашықтан зондтау технологиясы және оларды  қолдану» қазақ-қытай зертханасы. Мұнда Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі салдарынан орын алған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге  мониторинг жүргізіледі.  Қашықтан бақылау арқылы аймақтағы табиғи қауіп-қатерді алдын ала ескертіп, экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Оқу ордасына арнайы келген Нұржан Молдиярұлына университеттегі суперкомпьютердің мүмкіндігі көрсетілді. Жоғары технологиялық құрылғы күрделі есептеулерді орындау мерзімін айтарлықтай қысқартып, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттырады.

Сапар барысында министр Нұржан Нұржігітов оқу ордасының ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысын жоғары бағалады. Өз сөзінде су ресурстарын тиімді пайдалану, су саласындағы өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыдан шешу және ортақ жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі