Ғылыми кеңесте Конституцияның негізгі қағидаттары нақтыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңес отырысында ректор кеңесшісі, профессор Еркін Дүйсенов «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация – елдің конституциялық дамуының негізі» тақырыбында баяндама жасады.
Спикер декларацияның қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен конституциялық қағидаттардың орнығуындағы рөлін бағамдап, 2026 жылғы Конституцияның негізгі ережелеріне тоқталды. Атап айтқанда конституциялық құрылыс негіздері, мемлекеттік егемендік, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, отбасы мен қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ Құрылтайдың заң шығару қызметіндегі өкілеттіктері қарастырылды. Сонымен қатар конституциялық өзгерістерді ілгерілетудегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөліне назар аударылды.

Еркін Дүйсенов жаңа Конституцияның преамбуласы елдің тарихи жолын, халықтың рухани дамуы мен дәстүрлерін, сондай-ақ мемлекеттің негізгі құндылықтарын айқындайтынын айтты. Құжатта технологиялық даму, цифрландыру және қоршаған ортаны қорғау секілді қазіргі заманның өзекті мәселелері де көрініс тапқан. Профессор мемлекеттік егемендіктің саяси тәуелсіздікпен ғана шектелмейтінін, оның аумақтық тұтастықты, қорғаныс қабілетін, құқықтық жүйені, мемлекеттік тілді және рәміздерді қамтитынын жеткізді. Конституцияда Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі ретінде айқындалған. Халық билікті республикалық референдум мен еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады немесе оны мемлекеттік органдарға береді.

Баяндамада адам құқықтары мен бостандықтарына да ерекше мән берілді. Конституция еңбек ету құқығын, қызмет түрі мен кәсіпті еркін таңдау мүмкіндігін, сөз бостандығын, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігін бекітеді. Еркін Дүйсенов еңбек бостандығы мен еңбек ету құқығының аражігін түсіндіріп, соңғысы азаматтардың кәсіп таңдау мүмкіндігімен қатар, олардың еңбек ету құқығын жүзеге асыруына қажетті жағдайларды мемлекет тарапынан жасауды да көздейтінін атап өтті.

Сондай-ақ спикер Конституцияда некенің ер мен әйелдің заңға сәйкес мемлекет тіркеген ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде белгіленуіне тоқталды. Отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.
Сөз соңында профессор конституциялық нормалардың өмірде жүзеге асуы азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуіне және түсінуіне байланысты екенін еске салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар