«Адам тағылымы: Халел Досмұхамедұлының өнегелі өмірі мен рухани мұрасы» — ҚазҰУ

«Адам тағылымы: Халел Досмұхамедұлының өнегелі өмірі мен рухани мұрасы»

20 қазан 2026
«Адам тағылымы: Халел Досмұхамедұлының  өнегелі өмірі мен рухани мұрасы»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында Тұрақты даму мақсаттары аясында «Адам тағылымы: Халел Досмұхамедұлының өнегелі өмірі мен рухани мұрасы» атты танымдық тәрбие сағаты болып өтті. Іс-шара «ТДМ 4 – Сапалы білім» бағыты бойынша өмір бойы білім алу мәдениетін қалыптастырып, «ТДМ 16 – Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» идеялары шеңберінде жастардың бойында тарихи сана мен азаматтық жауапкершілікті дамытуға бағытталды. Тәрбие сағатында қазақ халқының көрнекті қайраткері, дәрігер, ғалым әрі әдебиет зерттеушісі Халел Досмұхамедұлының өмір жолы мен бай ғылыми-әдеби мұрасын таныстыру арқылы тыңдаушылардың бойында рухани құндылықтарды тереңдету мақсат етілді. Шара барысында ғалым қалдырған ұлттық мұра мен мәдени сабақтастық мәселелері кеңінен сөз болып, тыңдаушылардың ана тіліне, ғылым мен білімге деген құрметін арттыру көзделді.

Жиын барысында кафедра тыңдаушылары Х. Досмұхамедұлының өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған баяндамалар жасап, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Медицина мен жаратылыстану ғылымдарын қазақ тілінде дамытуға қосқан зор үлесі, қазақ әдебиетінің тарихы мен халық ауыз әдебиетін жүйелеудегі ағартушылық миссиясы, халыққа білім беру жүйесін қалыптастырудағы еңбегі ерекше атап өтілді. Тәрбиелік шара Отан, атамекен, туған жер жайлы әсем әндермен әрленді. Тыңдаушылар қайраткердің өмірбаянымен танысып қана қоймай, ұлтқа қызмет ету мен ғылымға адалдықтың шынайы үлгісін түсінді. Халел Досмұхамедұлының ғибратты өмір жолы мен ел мүддесі жолындағы адал қызметі жас буын үшін өнегелі тағылымға айналды.