«Атамекенге қош келдіңіз!» – рух пен бірліктің мерекесі — ҚазҰУ

«Атамекенге қош келдіңіз!» – рух пен бірліктің мерекесі

21 қазан 2026
«Атамекенге қош келдіңіз!» – рух пен бірліктің мерекесі

2026 жылғы 21 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ТДМ 4 – Сапалы білім;  10 – Теңсіздікті азайту; 16 – Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар; аясында Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасында Республика күніне орай дәстүрлі «Атамекенге қош келдіңіз!» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. 

Мерекелік кештің шымылдығы Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы А. А. Бектановтың құттықтау сөзімен ашылды. Ол «Атамекен» ұғымының, әсіресе, шетелде тұратын қандастарымыз үшін терең рухани мәнге ие екенін атап өтіп, тарихи Отанына оралып, ана тілінде білім алуға ұмтылған жастарға сәттілік тіледі.

Кеш барысында кафедрада білім алып жүрген қандас жастар туған жерге деген сағынышы мен Атамекенге деген сүйіспеншілігін ән, күй, би және поэзия арқылы жеткізді. Қазақ халқының ұлттық мұрасын таныту мақсатында дәстүрлі әшекей бұйымдар көрмесі ұйымдастырылды. Шараның құрметті қонағы, ақын Мұратқан Шоқан жастарға тағылымды ойларын арнап, авторлық өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бірінші курс студенті орындаған «Гүлдариға» әні көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факльтетінің студенттері мен Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының тыңдаушысы Санай Гүлнұрма да поэзиялық шығармаларды орындап, кештің мазмұнын байыта түсті.

Іс-шараның мақсаты – білім алушылардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дәріптеу, тарихи Отанға деген құрметті арттыру, қандас жастардың ұлттық бірегейлігін нығайту және олардың әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделуіне ықпал ету.

Мерекелік кеш білім алушылардың патриоттық санасын дамытуға, ұлттық мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға және қандас жастар арасындағы рухани ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды. Іс-шара мәдени сабақтастықты сақтауға, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға және Тұрақты даму мақсаттарын білім беру мен тәрбие үдерісінде ілгерілетуге үлес қосты.