- Басты бет
- Жаңалықтар
- Экономика және бизнес жоғары мектебінде докторанттарға арналған көшбасшылық дәріс өтті
Экономика және бизнес жоғары мектебінде докторанттарға арналған көшбасшылық дәріс өтті
2026 жылғы 16 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде «Академиялық жетістіктің формуласы: білім, зерттеу және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында докторанттарға арналған көшбасшылық дәріс өтті.
Іс-шараны Экономика және бизнес жоғары мектебінің Жас ғалымдар кеңесі (ЖҒК) мектеп деканы Ермекова Жанна Жандарбекқызының қолдауымен ұйымдастырды. Кездесу жас зерттеушілерді қолдау, докторанттардың ғылыми әлеуетін арттыру және белсенді академиялық ортаны қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстар аясында өткізілді.
Көшбасшылық дәрістің спикері – Айсұлу Молдабекова, PhD, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институты «Zertteu LAB» орталығының жетекшісі.
Айсұлу Молдабекова ғылыми-зерттеу және академиялық қызметте мол тәжірибеге ие. Ол Қазақстан Республикасының «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері, сондай-ақ «Болашақ» және DAAD халықаралық бағдарламаларының түлегі.
Көшбасшылық дәріс барысында жас зерттеушілердің кәсіби және академиялық дамуына ерекше назар аударылды. Спикер өзінің ғылыми мансап қалыптастыру тәжірибесімен бөлісіп, табысты зерттеу қызметінің негізгі құрамдас бөліктері туралы әңгімеледі.
Кездесу барысында ғылыми мақалаларды дайындау және жариялау, зерттеу бағытын дұрыс таңдау, гранттық жобаларға қатысу, академиялық ұтқырлық пен халықаралық бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Сонымен қатар заманауи зерттеушінің академиялық ортадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қажетті дағдыларға ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Докторанттар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ғылыми қызметтің практикалық аспектілерін талқылауға және алдағы академиялық әрі кәсіби дамуына қатысты ұсыныстар алуға мүмкіндік алды.
Осындай көшбасшылық дәрістерді өткізу Экономика және бизнес жоғары мектебі Жас ғалымдар кеңесі қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Мұндай кездесулер жас ғалымдардың зерттеу мәдениетін дамытуға, олардың академиялық және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ докторанттар мен ғылыми қауымдастық өкілдері арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Экономика және бизнес жоғары мектебі алдағы уақытта да жас зерттеушілердің дамуына қолайлы жағдай жасау, ғылыми бастамаларды қолдау және докторанттарды ұлттық әрі халықаралық академиялық кеңістікке интеграциялау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Басқа жаңалықтар