23 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, физика-техникалық факультеті, жылуфизикасы және техникалық физика кафедрасында Республика күніне орай жоғары деңгейде «Республикам менің – бейбіт ел, берекелі жер!» атты ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды. Еліміздің басты мерекелерінің біріне арналған бұл танымдық әрі тәрбиелік мәні зор іс-шараның басты мақсаты — жастардың, атап айтқанда университет студенттерінің бойында қазақстандық отансүйгіштік сезімді терең қалыптастыру, ұлттық құндылықтарымызды студенттер арасында кеңінен дәріптеу, ел тарихына деген құрметті арттыру және өскелең ұрпақтың белсенді азаматтық ұстанымын жан-жақты нығайту болып табылады.
Мерекелік жиынды жоғары шабытпен, үлкен жауапкершілікпен 4-курс студенттері Бақдаулетқызы Батима, Абилова Ақтоты, Марат Бекнур және Чалдырмасов Дулат жүргізіп, жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтады. Олар өз сөздерінде Республика күнінің тарихи тамыры, егемендік алу жолындағы қиындықтар мен жетістіктер, сондай-ақ мемлекеттігімізді нығайтудағы жастардың рөлі туралы кеңінен тоқталды. Жүргізушілердің әсерлі сөздері аудиторияға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлап, барлық қатысушылардың назарын бірден өзіне аударды.
Ашық сабақ пен танымдық кездесу барысында Жуаныш Ақнұр құттықтау сөз сөйлеп, барша қатысушыға жүрекжарды ізгі тілегін жеткізді. Ол тәуелсіздіктің қадірін терең түсіну, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтау және Қазақстанның тұрақты әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосу әрбір жастың қасиетті міндеті екенін атап өтті. Кештің ең әсерлі әрі рухты сәттерінің бірі — Мұртазаева Гүлназдың Отанға, туған жерге арналған өлеңді мәнерлеп оқуы болды. Оның жүрекке жетер жыр жолдары қатысушыларға рухани азық сыйлап, туған жерге деген сүйіспеншілікті одан әрі тереңдете түсті.
Іс-шара тек құттықтау сөздер мен поэзиялық үзінділермен шектелмеді. Студенттердің танымдық белсенділігін арттыру, ұжымдық жұмыс дағдыларын шыңдау мақсатында қызықты интерактивті ойындар мен сұрақ-жауап кезеңдері үйлесімді ұйымдастырылды. Қатысушылар Қазақстанның бай тарихы, Республика күнінің маңызы, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық құндылықтар туралы сұрақтарға жауап беріп, өздерінің зияткерлік әлеуетін ортаға салды. Бұл тартысты ойындар студенттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, шараның мазмұнын байыта түсті. Сұрақ-жауап кезеңі жастардың тарихи білімін тексеріп қана қоймай, сын тұрғысынан ойлау қабілетін көрсетті. Сонымен қатар, 4-курс студенті Сүйіндік Назира мерекелік жиынның жарқын сәттерін видеоға түсіріп, кейіннен сапалы етіп монтаждады.
Шара соңында жылуфизикасы және техникалық физика кафедрасының оқытушылары Зульбухарова Эльмира, Асилбекова Шира, Куйкабаева Айжан және белсенді студент Айзере білім алушыларға жылы лебіздерін білдіріп, алдағы оқу мен ғылыми жұмыстарына сәттілік тіледі. Оқытушылар жастарға білім мен ғылымды қатар алып жүрудің маңыздылығын айтып, ел болашағы үшін аянбай еңбек етуге шақырды.
Айта кетейік, бұл ауқымды тәрбиелік іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) тікелей үндеседі. Атап айтқанда, жастарға сапалы тәлім-тәрбие мен өнегелі білім беру арқылы 4-ші ТДМ (Сапалы білім) мақсатын жүзеге асыруға елеулі үлес қосылса, «бейбіт ел» идеясы, ұлттық тұтастық мен қоғамдық бірлік қағидаттары 16-шы ТДМ (Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар) бағыттарын толық қолдайды. Мұндай іс-шаралар студенттердің ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, болашақта өркендеген қоғам құруға өз үлесін қосатын саналы азаматтарды қалыптастыруға ықпал етеді. Еліміздің тәуелсіздігі нығайып, бірлігіміз бекем, болашағымыз жарқын болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін!