25 қазан – Қазақстан тарихындағы маңызды күн
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і, Тарих факультеті, «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Болат Сайланның ұйымдастыруымен Тұрақты даму мақсаттары бағдарламасы – «Сапалы білім беру» бағыты аясында іс-шара өтіп, университетіміздің Тарих факультеті ғылыми тарих мамандығының 1,4 курс студенттеріне «25 қазан – Қазақстан тарихындағы маңызды күн» тақырыбында қоғамдық білім беруге арналған дәріс оқыды.
Дәріс оқушы «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Болат Сайлан: «Қазақстанда жыл сайын 25 қазанда ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттік егемендігін айшықтайтын бұл маңызды күн тарихымызда алғаш рет 1990 жылдан бастау алады. Дәл осы күні 1990 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл негізінен елдің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы болды. Бұл жылдары Кеңес Одағының экономикасы дағдарысқа тіреліп, іргесі сөгілу алдында тұрды. 1990 жылы бірқатар республикалар, ең алдымен, Балтық елдері біржақты түрде өзін-өзі анықтау және тәуелсіз ұлттық мемлекеттерді құру туралы мәлімдеді. 1989-1990 жылдары егемендік туралы Декларацияны КСРО-ның басқа республикалары да қабылдады.
КСРО сияқты алып мемлекеттің есеңгірей бастаған тұсында 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан өзінің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Декларация Қазақ КСР-нің егемендігін және Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздерін жариялады. Ұлттық мереке санатына кірген – 25 қазан Қазақстан тарихында әрдайым маңызды күн болып қала береді» – деген сөзімен аяқтады.
Кездесудің соңында студенттер мол мағлұмат алғандарын ортаға салып, осындай мәні бар лидерлік дәрістің жиі оқылып тұруын қалайтындарын айтты.


Басқа жаңалықтар