«Заң және Тәртіп» жобасы аясында кездесу өтті
2026 жылғы 16 қыркүйекте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Экономика және бизнес жоғары мектебінің студенттері үшін цифрлық қауіпсіздік және жастардың бойында цифрлық иммунитетті қалыптастыру мәселелеріне арналған «Заң және Тәртіп» жобасы аясында кездесу өтті.
Іс-шараның ұйымдастырушысы – Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы. Кездесуді өткізуге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ шақырылған сарапшылар мен құқық қорғау органдарының өкілдері белсенді қатысты.
Спикерлер ретінде сөз сөйлегендер:
Қуаналиева Гүлдана Амангелдіқызы — заң ғылымдарының докторы, профессор, Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі;
Сағынаев Мейржан Егінбайұлы — Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы;
Қасымова Раушан Нұрқасымқызы — Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығының сарапшысы, «Құрмет» орденінің иегері;
Рашева Гүлнұр Қойшынқызы — PhD, Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы меңгерушісінің м.а. доценті;
Көбеев Дәурен Асқарұлы — полиция подполковнигі, Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға оперуәкілі.
Кездесудің модераторы – «Заң және Тәртіп» жобасының амбассадоры Сембиев Айболат. Кездесу барысында цифрлық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, заманауи цифрлық қатерлер, интернет кеңістігіндегі қауіпсіз мінез-құлық ережелері, жеке деректерді қорғау, сондай-ақ цифрлық ортадағы құқық бұзушылықтар үшін құқықтық жауапкершілік қарастырылды.