- Басты бет
- Жаңалықтар
- «ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ІЗГІЛІК»: ҚАЗҰУ-ДА ӘЛЕУМЕТТІК КІТАП КӨРМЕСІ МЕН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
«ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ІЗГІЛІК»: ҚАЗҰУ-ДА ӘЛЕУМЕТТІК КІТАП КӨРМЕСІ МЕН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
2026 жылдың 8 қазанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде «Жақсылық пен ізгілік» атты әлеуметтік кітап көрмесі мен қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара «Цифрлы медиадағы драматургия» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері мен аға оқытушы Назерке Далелханқызы Тлеубаеваның ұйымдастыруымен өтті.
Шараның басты мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу, қайырымдылық пен өзара қолдау қағидаттарын қалыптастыру, сондай-ақ кітап алмасу арқылы білім мен ізгілікті бөлісу дәстүрін дамыту.
Әлеуметтік акция буккроссинг (Bookcrossing) форматында өткізілді. Бұл – оқырмандардың өздері оқып шыққан кітаптарын өзгелерге ұсынып, олардың жаңа оқырман табуына мүмкіндік беретін халықаралық мәдени бастама. Аталған формат кітаптың тек ақпарат көзі ғана емес, адамдар арасындағы рухани байланысты нығайтатын маңызды құрал екенін көрсетеді.
Іс-шара аясында кітап алмасу мәдениетінің маңызына назар аударылып, әрбір кітаптың жаңа оқырманға жол тартуы білім мен тәжірибе бөлісудің ерекше үлгісі ретінде насихатталды. Сонымен қатар бастама жастарды кітапқа ұқыпты қарауға, саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға үндеді.
«Жақсылық пен ізгілік» акциясының ерекшелігі – қайырымдылық ұғымын материалдық көмекпен ғана шектемей, біліммен, рухани байлықпен және мәдени құндылықтармен бөлісу арқылы түсіндіруінде. Себебі оқылған кітапты өзгеге сыйлау – жаңа ойға, жаңа білімге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын игі іс.
Осындай әлеуметтік-мәдени бастамалар студенттердің азаматтық белсенділігін арттырып, олардың ұйымдастырушылық және коммуникативтік қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ университет кеңістігінде өзара сыйластық, жанашырлық және рухани сабақтастық құндылықтарын нығайтуға мүмкіндік береді.
«Жақсылық пен ізгілік» әлеуметтік кітап көрмесі мен қайырымдылық акциясы кітаптың адам өміріндегі ерекше орнын айқындап, жақсылық жасаудың қарапайым әрі мағыналы жолдарының бірі – біліммен бөлісу екенін дәріптеді.