Ұлы даланың киелі жады — ҚазҰУ

Ұлы даланың киелі жады

27 қазан 2026
Ұлы даланың киелі жады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінде суретші, графикалық дизайн маманы, қазақ мифологиясын зерттеуші Дәурен Тасбулатовтың «Ұлы даланың киелі жады» атты шеберлік сабағы өтті.

Шеберлік сабағы барысында Журналистика факультетінің студенттері Д. Тасбулатовтың туындылары арқылы түркі мифологиясымен, тәңірлік дала мәдениетінің киелі кодтарымен танысты. Оның картиналарында қазақ ертегілері, аңыздары, эпостары мен мифологиялық кейіпкерлерінің терең мағыналары көрініс тапқан. Суретші өз еңбектерінде көне символдарды, киелі бейнелерді және заманауи көркемдік көзқарасты үйлестіреді.

Суретшінің өзі үшін мифология – өткеннің еншісінде қалған құбылыс емес, халықтың жасырын жады. Ол – адам мен тағдыр туралы түсініктер шифрланған рухани карта. Дәурен Тасбулатов өз картиналары мен иллюстрациялары арқылы ұлттық бірегейліктің бастауларына, мәдени кодқа және адам санасына үңіледі.

Ұлы даланың киелі жады суретшінің «Сүт ана», «Жер ана», «От ана», «Дидар қыз» және басқа да көптеген туындыларынан көрініс табады.

Суретшінің еңбектері көрерменді әлем мен табиғаттың тылсым сырлары туралы терең ойға жетелеп, тарихи-мәдени жадыны жаңғыртады. Зерттеуші қазақ мәдениеттануында әлі де толық зерттеліп, өз бағасын ала қоймаған ауыз әдебиетінің әлеуетін ашуға ерекше мән береді. Оның пайымдауынша, ұлттық идеяның терең тамыры мен халықтың рухани болмысының маңызды қырлары осы мұрада жатыр.

Дәурен Тасбулатовтың шығармашылық әрі зерттеушілік миссиясы – қазақ және түркі мифологиясын кеңінен насихаттап, оның бай мұрасын көпшілікке таныту. Осы мақсатта ол өз картиналары мен кітаптарын дүниеге әкеліп, бірнеше жылдан бері түркі мифологиясы мен қазақ ертегілерінің кейіпкерлеріне арналған энциклопедия әзірлеу үстінде.

Бұл – мифтер мен эпостардың, ертегілердің шығу тегін, этимологиясын, символдық мәнін және әрбір кейіпкердің мәдени-танымдық рөлін зерделеуге бағытталған ғылыми-шығармашылық жоба. Зерттеу жұмысы түркітанушы ғалымдар Қ. Жанабаев, З. Наурызбай және С. Қондыбайдың ғылыми еңбектері негізінде жүзеге асырылуда.

Осындай кездесулер мен шеберлік сабақтары студенттердің таным көкжиегін кеңейтіп, өнер туындыларын тереңірек түсінуіне, шығармашылық үдерістің қыр-сырын тануына және қазақ мифологиясына деген қызығушылығының артуына ықпал етеді.

Кездесу соңында қатысушылар естелікке бірге суретке түсті.

Сауле Барлыбаева және Айгерім Альжанова
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті