ОМБЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ БІЛІМ АЛУШЫЛАРЫ ҚАЗҰУ-ДЕГІ ҚАБЫЛДАУ КЕШІНЕ ҚАТЫСТЫ — ҚазҰУ

ОМБЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ БІЛІМ АЛУШЫЛАРЫ ҚАЗҰУ-ДЕГІ ҚАБЫЛДАУ КЕШІНЕ ҚАТЫСТЫ

9 қазан 2026
ОМБЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ БІЛІМ АЛУШЫЛАРЫ ҚАЗҰУ-ДЕГІ ҚАБЫЛДАУ КЕШІНЕ ҚАТЫСТЫ
 
Ф. М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті - Ресейдің Омбы қаласындағы жетекші классикалық жоғары оқу орындарының бірі. Университет базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы жұмыс істеп, білім алушыларға, соның ішінде «Кеден ісі» мамандығы бойынша сапалы білім алуға мүмкіндік беріп келеді.
Дәстүрлі түрде жаңа оқу жылының басталуына орай биыл да Омбы филиалына «Кеден ісі» білім беру бағдарламасы бойынша 1-курсқа қабылданған білім алушылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 2 қазанда өткен 1-курс білім алушыларын қабылдау кешіне арнайы шақырылып, салтанатты шараға қатысып қайтты.
Бұл кеш - университет табалдырығын алғаш аттаған жас білім алушылар үшін ерекше әсерге толы, есте қаларлық маңызды шаралардың бірі болды. Салтанатты кеш барысында білім алушылар ҚазҰУ-дің үлкен академиялық ортасымен танысып, университет өмірінің тынысын сезініп, студенттік кезеңнің жаңа белесіне қадам басты.
Сапар аясында Омбы филиалының білім алушыларына заң факультетінің оқу-материалдық базасымен танысуға да мүмкіндік берілді. Іс-шараға заң факультетінің деканы У.А. Ахатов, кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі Г.А. Куаналиева, кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.А. Есекеева және аға оқытушы С.М. Жапаков қатысып, білім алушыларға факультеттің тыныс-тіршілігі мен оқу үдерісі туралы кеңінен мағлұмат берді.