Кафедра мерейтой иелері факультеттің Ғылыми кеңесінде құттықталды
2026 жылғы 30 қазанда, География және табиғатты пайдалану факультетінің Ғылыми кеңесінің отырысында рекреациялық география және туризм кафедрасының мерейтой иелері құттықталды. 70 жасқа толған Маржангүл Іңкарбекқызы Жилкибаева мен Александр Михайлович Артемьевке құрмет көрсетілді.
Мерейтой иелеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Ж.Қ. Түймебаевтың атаулы құттықтау хаттары табысталды. Хаттарда олардың көпжылдық адал еңбегі, университет пен Қазақстандағы туристік білім берудің дамуына қосқан зор үлесі атап өтілді. Кәсіподақ комитеті мерейтой иелеріне естелік сыйлықтар берді. Әріптестері әрқайсысының өмір жолы мен кәсіби жолы туралы бейнепрезентациялар дайындады.
Маржангүл Іңкарбекқызы 1983 жылы ҚазМУ-дың география факультетін бітірген, 1985 жылдан бері туған университетінде еңбек етіп келеді. 1996 жылы жаңадан ашылған Туризм кафедрасының алғашқы ұстаздарының бірі болды. Оның «Қазақстан туризмінің географиясы», «Әлемнің туристік аймақтары», «Халықаралық туризм географиясы» пәндері бойынша оқыған дәрістері бірнеше буын студенттің кәсіби жолына берік негіз болды. 50-ге жуық ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы. Ұзақ жылдар бойы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып келеді: куратор-эдвайзер және факультет профбюросының төрағасы болды, қазір факультеттің Түлектер қауымдастығын басқарады. ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен және «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
.jpeg)
Александр Михайлович – техника ғылымдарының кандидаты, кафедра профессорының м.а., Қазақстан Республикасы туризмінің құрметті қызметкері. Туризм саласында 40 жылдан астам, ҚазҰУ-да 27 жыл еңбек етіп келеді, 2020 жылға дейін кафедра меңгерушісі болды. 175 ғылыми еңбектің авторы, «Туризм» мамандығы бойынша МЖМБС мен саланың кәсіби стандарттарын әзірлеушілердің бірі. Оның жетекшілігімен кафедра Қазақстанда алғаш рет UNWTO.TedQual халықаралық сертификаттауынан өтті. «ЖОО-ның үздік оқытушысы» (2013) атағының иегері, «Туризмнің еңбек сіңірген нұсқаушысы» және «Күміс эдельвейс» белгілерімен марапатталған. Сонымен қатар тәжірибелі тау туристі әрі фотограф.
.jpeg)
Кафедра ұжымы аяулы мерейтой иелерін шын жүректен құттықтайды! Зор денсаулық, амандық, сарқылмас қуат және жаңа кәсіби белестер тілейміз