ЖУРФАК СТУДЕНТТЕРІ БІШКЕКТЕГІ VI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМҒА ҚАТЫСТЫ
2026 жылғы 22–24 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің өкілдері Бішкек қаласында өткен VI Халықаралық «Түркі әлемі: коммуникация және өнер» симпозиумына қатысты. Ғылыми іс-шара Қырғыз-Түрік «Манас» университеті, Ниғде Өмер Халисдемир университеті және Түркі әлемі журналистер федерациясының ұйымдастыруымен өтті. Халықаралық симпозиумға «Кино және медиа» білім беру бағдарламасының 2-курсынан іріктелген 12 студентті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті міндетін атқарушы, PhD Нұрлыайым Данаева бастап барды. Симпозиум түркі әлеміндегі журналистика, коммуникация, кино өнері, цифрлық медиа және мәдени ықпалдастық мәселелерін талқылаған халықаралық ғылыми алаңға айналды.
.jpeg)
Халықаралық ынтымақтастық және тәжірибе алмасу
Ғылыми сапар барысында ҚазҰУ делегациясын Қырғыз-Түрік «Манас» университетінің Коммуникация факультетінің деканы, профессор, доктор Бесим Йылдырым және деканның орынбасарлары, доцент, доктор Гүлзада Станалиева мен доцент, доктор Эрдоган Акман қабылдады. Факультет басшылығы қазақстандық студенттерді оқу орнының білім беру жүйесімен, ғылыми-шығармашылық қызметімен және заманауи телерадиостудияларымен таныстырды. Студенттер медиаөндірістің тәжірибелік мүмкіндіктерін көріп, кәсіби танымдарын кеңейтті. Сондай-ақ делегация «Манас» университетінің проректоры, профессор, доктор Исмет Алтынташтың жеке қабылдауында болды. Кездесуде түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасы, білім мен ғылымның маңызы талқыланды. Проректордың «Манас» эпосы туралы тағылымды әңгімесі студенттерге ерекше әсер қалдырды. Ресми кездесулер барысында ҚазҰУ атынан естелік сыйлықтар табысталды.


«Желтоқсан желі» фильмі халықаралық аудиторияға ұсынылды
Симпозиумның маңызды оқиғаларының бірі – ҚазҰУ студенттері түсірген «Желтоқсан желі» қысқаметражды фильмінің көрсетілімі болды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған туындыда жастардың еркіндікке ұмтылысы мен тәуелсіздік жолындағы күресі көркемдік тұрғыдан бейнеленген. Фильмді әзірлеу барысында студенттер сценарист, режиссер, оператор, актер және монтаждаушы міндеттерін өздері атқарып, киноөндірістің негізгі кезеңдерін тәжірибе жүзінде меңгерді. Алғашқы шығармашылық еңбектерінің халықаралық аудиторияға ұсынылуы жас киногерлер үшін маңызды жетістік болды.
.jpeg)
Жаңа орта, жаңа тәжірибе, жаңа мақсат
Халықаралық сапар студенттерге ғылыми тәжірибе жинақтап қана қоймай, өзге елдің білім беру ортасымен танысуға, кәсіби байланыс орнатуға және шығармашылық ізденістерін дамытуға мүмкіндік берді.
Студент Ардаққызы Қарақат: «Көргеніміз көңілге түйілді, ал түйгеніміз болашаққа бағдар болды. Бұл сапар жас буынның жүрегінде мәңгі қалатын тағылымды естелікке айналды», – деп әсерімен бөлісті.
Ал Қасқырбаева Әсел: «Өзіміз түсірген алғашқы қысқаметражды «Желтоқсан желі» фильмінің халықаралық деңгейде таныстырылуы біз үшін үлкен мақтаныш болды. Бұл сапардан жаңа арман, жаңа мақсат және ерекше шабыт алып қайттым», – деп атап өтті.
Симпозиум қорытындысында қатысушылар халықаралық сертификаттармен марапатталды.
.jpeg)

Аталған ғылыми сапар ҚазҰУ студенттерінің кәсіби көкжиегін кеңейтіп, халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға және жас киногерлердің шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етті.
Нұрлыайым Данаева,
PhD, Баспасөз және электронды
БАҚ кафедрасының доценті м.а.