ҚазҰУ-да «KazLAE 2026» халықаралық форумы өтті — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да «KazLAE 2026» халықаралық форумы өтті

2 қараша 2026
ҚазҰУ-да «KazLAE 2026» халықаралық форумы өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде төмен биіктіктегі экономика, жасанды интеллект және жоғары технологиялар салаларындағы Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығының перспективалары талқыланды. Бұл мәселелер «Орталық Азияның зияткерлік серпіні. Әлемге ашықтық» атауымен өткен «KazLAE 2026» халықаралық ғылыми-өндірістік ынтымақтастық форумына арқау болды. Ауқымды шараны ҚазҰУ жанындағы Қазақстандық төмен биіктіктегі экономика индустриялық-зерттеу орталығы (KazLAE) ұйымдастырды.

Форумға Қазақстанның ғылыми-білім беру қауымдастығының өкілдері мен Қытайдың жоғары технологиялық компаниялары қатысты. 

Шарада KazLAE директоры, ҚазҰУ ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің Компьютерлік ғылымдар кафедрасының профессор-зерттеушісі Базаргүл Мәткерім орталық қызметінің негізгі бағыттары мен алдағы кезеңге арналған стратегиялық жоспарлары туралы баяндады. 

Таныстырылым барысында ғылыми-технологиялық әлеуетті нығайтуға, заманауи инженерлік шешімдерді әзірлеуге және инновациялық технологияларды дамытуға ерекше назар аударылды. Орталық жұмысының басым бағыттарына ұшқышсыз авиациялық жүйелерді жетілдіру, интеллектуалды басқару жүйелерін құру, автономды құрылғылар мен цифрлық шешімдерді әзірлеу жатады.

Спикер сондай-ақ орталық қызметінде ғылыми зерттеулерді практикалық инженерлік әзірлемелермен ұштастыруға ерекше мән берілетінін атап өтті. Бұл зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуді, инновациялық жобаларды коммерцияландыруды, халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуді және өнеркәсіптік кәсіпорындармен әріптестікті дамытуды көздейді.

Базаргүл Мәткерім студенттер мен жас ғалымдарды ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметке тартудың маңыздылығын да тілге тиек етті.

KazLAE орталығының қызметі университет ғылымы мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығайтуға, қолданбалы зерттеулерді дамытуға және заманауи технологиялық шешімдерді тәжірибеге енгізуге қажетті жағдайлар жасауға бағытталған.

Форум аясында Қытайдың жоғары технологиялық компаниялары жасанды интеллект, өнеркәсіптік автоматтандыру, энергетика, телекоммуникациялар және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы әзірлемелерін таныстырды.

Қазақстанның ғылыми-білім беру ұйымдары мен Қытайдың жоғары технологиялық компанияларының өкілдері технологиялық ынтымақтастықты дамыту, инновациялық әзірлемелерді енгізу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын сараптады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі