Бір іссапардан басталған үлкен мүмкіндік — ҚазҰУ

Бір іссапардан басталған үлкен мүмкіндік

2 қараша 2026
Бір іссапардан басталған үлкен мүмкіндік

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінің түлегі Жалғас Мақсотов 2026 жылғы 27–30 қазанда Қытайдың Далянь қаласында өткен «ACS Catalysis & International Sustainable Aviation Research Symposia 2026» халықаралық ғылыми симпозиумына қатысты. Ол Synfuels China Technology Co., Ltd. компаниясы іс-шараға қатысу үшін іріктеген алты маманның қатарында болды. Симпозиум тұрақты авиациялық отын өндіру және әуе көлігінің көміртек ізін азайту мәселелеріне арналды.

Түлектің бұл жетістігі — университет пен компания арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижесі. Қытайға жасалған іссапар барысында профессор К. Досумов, Г. Ерғазиева және Н. Макаева компания басшылығымен келіссөздер жүргізіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектерін жұмысқа орналастыру мүмкіндігін көздейтін меморандумға қол қойды.

Кейін компания ұсынған бос жұмыс орындарына 30-дан астам үміткер өтініш білдіріп, олардың сегізі сұхбатқа шақырылды. Іріктеудің барлық кезеңінен сәтті өткен Жалғас Мақсотов пен Алмас Алиев компанияның Пекиндегі кеңсесіне химиялық жобалау инженері лауазымына жұмысқа қабылданды.

Түлектердің халықаралық компанияда еңбек етіп, ғылыми іс-шараларға қатысуы — университетте алған білімдері мен практикалық дағдыларының, сондай-ақ кафедраның жүйелі кәсіби бағдарлау жұмысының нәтижесі. Бұл тәжірибе халықаралық ынтымақтастықтың жас мамандарға кәсіби дамудың нақты мүмкіндіктерін ашатынын көрсетеді.

 

Гауһар Ерғазиева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия факультеті «Физикалық химия, катализ және мұнайхимия» кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты, профессор