- Басты бет
- Жаңалықтар
- ТМД елдері ғалымдарының VI форумы аясында қатысушылар ҚазҰУ-дың Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасына барды
ТМД елдері ғалымдарының VI форумы аясында қатысушылар ҚазҰУ-дың Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасына барды
2026 жылдың 30 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер ғалымдарының VI форумы аясында халықаралық делегация әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барды.
Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық іс-шара сегіз мемлекеттің ғылым академияларының басшыларын, жетекші ғалымдарын, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының өкілдерін біріктірді. Форум ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және ғылым мен инновациялық технологияларды дамытудың перспективаларын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Сапар барысында делегация мүшелері университеттің ғылыми-зерттеу қызметімен, ғылыми әлеуетімен және заманауи технологияларды дамыту бағыттарымен танысты. Сонымен қатар Қазақстан-Қытай бірлескен «Қашықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану» зертханасының қызметіне ерекше назар аударылды.
Қонақтар зертхананың Жерді қашықтан зондтау технологияларын, географиялық ақпараттық жүйелерді (ГАЖ) және спутниктік деректерді өңдеудің заманауи әдістерін қолдану арқылы өзекті ғылыми және қолданбалы міндеттерді шешуге бағытталған негізгі қызмет бағыттарымен танысты.
Зертханаға сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың нәтижелерін таныстыруға, сондай-ақ геокеңістіктік технологиялар, қоршаған ортаны мониторингтеу және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану салаларындағы халықаралық өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.