«Үздік қақпашы» - университет мақтанышы — ҚазҰУ

«Үздік қақпашы» - университет мақтанышы

2 қараша 2026
«Үздік қақпашы» - университет мақтанышы

        Спорт – адам бойындағы жігерді шыңдап, табандылық пен жауапкершілікті қалыптастыратын маңызды сала. Осындай ерекше тәжірибенің бірі – 29–30 қазан күндері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өткен университетаралық қыздар арасындағы футзал жарысы. Жарысқа команда қатысып, әрқайсысы өз оқу орнының намысын қорғады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл спорттық шара қатысушылардың шеберлігі мен жігерін сынады. Әл-Фараби университетінен жасақталған қыздар құрамасы намысты қолдан бермеді. Қарсылас командалар да өте мықты болды, сондықтан әрбір кездесуде бар күшін сарқа жұмсауға тура келді.

       Футзал – тек физикалық күшті емес, жылдам ойлау мен психологиялық төзімділікті талап ететін спорт. Әсіресе, қақпашы үшін әрбір сәт маңызды. Қақпаны қорғау үлкен жауапкершілік пен зейінді қажет етеді. Жарыс барысында осы міндетті барынша орындауға тырысып, филология факультетінің 1 курс студенті Асхатқызы Аяулым нәтижесінде «Үздік қақпашы» номинациясына ие болды. Бұл Аяулым үшін үлкен қуаныш әрі еңбегінің бағаланғаны болды.  Әрине  бұл жетістік команданың қолдауы мен ұйымшылдықтың нәтижесі деп білеміз. 

       Мұндай жарыстардың негізгі мақсаты – студенттердің спорттық белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жастар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайту. Спорт адамды жеңіске ғана емес, табандылыққа, өзіне сенуге және ортақ мақсат жолында бірігуге үйретеді.

 

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

кафедрасының аға оқытушысы, топ кураторы Ш.Шортанбай