ҚазҰУ студенттері республикалық сайыста үштікке енді — ҚазҰУ

ҚазҰУ студенттері республикалық сайыста үштікке енді

2 қараша 2026
ҚазҰУ студенттері республикалық сайыста үштікке енді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің студенттері жоғары оқу орындарының білім алушылары арасында «Жошы ұлысы – Алтын Орда және қазақ мемлекеттілігінің тарихы» тақырыбында өтіп жатқан республикалық пәндік олимпиадаға белсенді қатысуда. Зияткерлік сайыс Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында ұйымдастырылды.

Ғылыми шара Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған. Олимпиада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуірін жан-жақты әрі терең зерттеу, бай тарихи-мәдени мұраны жаңғырту және қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығын дәріптеу жөніндегі стратегиялық бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған. Басты мақсаты – ортағасырлық мемлекеттің этноәлеуметтік, этномәдени және этносаяси байланыстарын, қала мәдениетін, нумизматикасы мен жазба деректерін зерттеу бағытында іргелі ғылыми ізденістер жүргізуге қабілетті дарынды студенттерді анықтау, сондай-ақ кәсіби тарихшы-медиевистерді даярлауға қолдау көрсету.

Еліміздің жетекші жоғары оқу орнының намысын ҚазҰУ-дың «Тарих» білім беру бағдарламасының ғылыми бағыты бойынша білім алып жатқан 3-курс студенттерінен құралған команда қорғады. Оның құрамында Бақдәулет Зинеғабделов, Бекарыс Елтай және Диас Ілияс бар. Команданың ғылыми жетекшісі – Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, философия докторы  Жандос Құмғанбаев. 

Республикалық пәндік олимпиада бірнеше кезеңнен тұрады. Іріктеу кезеңінде жоғары оқу орындарының өз ішінде эссе жазу және Ғылыми кеңестің ұсынымдары негізінде үздік үміткерлер анықталған. ЕҰУ-де өткен негізгі кезеңде олимпиада қатысушылары 40 күрделі тест тапсырмасын орындап, академиялық зерттеу эссесін жазу арқылы өздерінің теориялық білімдері мен ғылыми даярлық деңгейін көрсетті.

Практикалық және шығармашылық кезең барысында студенттер ортағасырлық жазба ескерткіштерге, шығыс миниатюраларына, нумизматикалық жәдігерлер мен сәулет нысандарына деректанулық талдау жасады. Сонымен қатар арнайы тапсырмаларды орындап, қазылар алқасына тақырыптық бейнероликтер мен зерттеу жобаларын ұсынды. Олимпиада қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы республикалық деңгейде жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі