«Заң мен тәртіп: адалдық, әділеттілік және заң» тақырыбында кураторлық сабақ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінің 7 және 8-топ студенттері арасында «Заң мен тәртіп: адалдық, әділеттілік және заң» тақырыбында кураторлық сабақ өткізілді.
Мақсаты: Студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң мен тәртіптің қоғамдағы маңызын түсіндіру, адалдық пен әділеттілік құндылықтарын қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті дамыту.
Кураторлық сабақ барысында студенттерге заңның мәні мен маңызы, оның адам өміріндегі және қоғамдағы рөлі туралы ақпарат берілді. Қазақстан Республикасының Конституциясы, азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері, заң үстемдігі және құқықтық тәртіп мәселелері қарастырылды.
Студенттермен заң бұзушылықтардың түрлері, олардың салдары, қоғамдағы тәртіпті сақтаудағы заңның рөлі және әрбір азаматтың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауының маңыздылығы талқыланды. Сонымен қатар адалдық пен әділеттіліктің құқықтық қоғам қалыптастырудағы орнына ерекше назар аударылды.

Сабақтың негізгі бөлімінде студенттер арасында «Өлім жазасы қажет пе?» тақырыбында дискуссия ұйымдастырылды. Қатысушылар екі топқа бөлініп, өлім жазасын қолдайтын және оған қарсы көзқарастарын білдірді. Пікірталас барысында өлім жазасының қоғамдағы қылмыстың алдын алудағы ықпалы, әділеттілік қағидалары, адам құқықтары, қылмыскердің жауапкершілігі және жазаның қоғам үшін маңызы қарастырылды.
Студенттер өз пікірлерін дәлелдермен негіздеп, бір-бірінің көзқарастарын тыңдап, тақырыпты жан-жақты талқылады.
Сонымен қатар студенттерге «Заңды бұзған досыңа қалай қарайсың?», «Көшеден ақша тауып алсаң, не істер едің?» сияқты өмірлік жағдайларға негізделген сұрақтар ұсынылды. Қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, адалдық, әділеттілік және азаматтық жауапкершілік тұрғысынан түрлі шешімдерді талқылады.
Кураторлық сабақ соңында студенттер заңды құрметтеудің, өз құқықтары мен міндеттерін білудің және әрбір әрекетке жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын түсінді. Сонымен қатар өлім жазасы мәселесіне қатысты әртүрлі көзқарастарды саралап, құқық, әділеттілік және адам өмірінің құндылығы туралы ой қорытты. Заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілік қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызды негізі екені атап өтілді.
Куратор: Чилдибаева Асел Жумагуловна
Басқа жаңалықтар