- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеушісі Испаниядағы халықаралық конференцияда мұнай қалдықтарын күн энергиясы арқылы өңдеу технологиясын таныстырды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеушісі Испаниядағы халықаралық конференцияда мұнай қалдықтарын күн энергиясы арқылы өңдеу технологиясын таныстырды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессор-зерттеушісі Марал Абдибаттаева 2026 жылғы 26–29 қазанда Испанияның Ситжес қаласында өткен Экологиялық таза өндіріс жөніндегі II жаһандық конференцияда (2nd Global Cleaner Production Conference) өзінің ғылыми әзірлемесін таныстырды.

Халықаралық конференцияға 85-тен астам елден 542 делегат қатысты. Бағдарлама аясында 11 негізгі спикер сөз сөйлеп, 178 ауызша баяндама, 37 қысқа баяндама (flash talks) және 322 постерлік баяндама ұсынылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан қатысқан Марал Абдибаттаева «Мұнай қалдықтарын кәдеге жарату үшін күн энергиясы шоғырландырғыштары негізіндегі пилоттық күн термолизі қондырғысын әзірлеу» тақырыбында постерлік баяндама жасады. Зерттеу BR28713197 «Каспий тұрақты инновациялар орталығы: өңірдің неғұрлым жасыл болашаққа көшуі үшін ғылым және академиялық орта арқылы балама шешімдерді ілгерілету» (2025–2027 жж.) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында жүзеге асырылды.
Әзірлеме құрамында мұнайы бар қалдықтарды термиялық өңдеу үшін шоғырландырылған күн энергиясын пайдалануға негізделген. Технология күн энергиясы шоғырландырғышын қосымша қыздыру мүмкіндігімен үйлестіреді. Осылайша ол мұнай қалдықтарын өңдеу мен қайталама ресурстарды алуға экологиялық тұрғыдан бағдарланған тәсіл ұсынады.

Конференция барысында зерттеуші өнеркәсіпті декарбонизациялау, айналымды экономика, қалдықтар мен су ресурстарын басқару, жаңартылатын энергетика шешімдері және қоршаған ортаға әсерді бағалау мәселелеріне арналған ғылыми сессиялар мен семинарларға қатысты. Сондай-ақ ол Journal of Cleaner Production журналының редакторларымен кездесуге қатысып, ғылыми зерттеулердің өзекті үрдістері мен ғылыми басылымдарда жариялау мәселелерін талқылады.
Конференцияға қатысу ҚазҰУ зерттеушісіне университеттің ғылыми әзірлемелерін халықаралық ғылыми қауымдастыққа ұсынуға, түрлі елдерден келген әріптестерімен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ тұрақты технологиялар мен таза өндіріс саласындағы жаңа тәсілдермен танысуға мүмкіндік берді. Марал Абдибаттаева конференцияға қатысқаны және постерлік баяндамасы үшін сертификаттармен марапатталды.
Басқа жаңалықтар