«Қазақ аруы – 2026» байқауының жеңімпазы – ҚазҰУ студенті! — ҚазҰУ

«Қазақ аруы – 2026» байқауының жеңімпазы – ҚазҰУ студенті!

4 қараша 2026
«Қазақ аруы – 2026» байқауының жеңімпазы – ҚазҰУ студенті!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биология және биотехнология факультетінің 6B05102 – «Биология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Асылым Өтепбергенді «Қазақ аруы – 2026» ұлттық байқауында Бас жүлдені иеленіп, жеңімпаз атануымен шын жүректен құттықтаймыз!

Тікелей эфирдегі дауыс беру қорытындысы бойынша Асылым 17 164 дауыс жинап, көрермендердің ыстық ықыласы мен зор қолдауына ие болды. Бұл нәтиже – оның талантының, тартымдылығының, парасаттылығы мен көпшілік сенімінің айқын көрінісі.

«Қазақ аруы» – қазақ қызының ұлттық болмысын, сұлулығын, ақыл-парасатын, өнері мен білімін дәріптейтін тағылымы мол ұлттық байқау. Осындай мәртебелі додада Бас жүлдеге ие болуы – студентіміздің ғана емес, университетіміздің, факультетіміз бен кафедрамыздың да зор мақтанышы.

Асылымның білім алып, тұлға ретінде қалыптасуына бағыт-бағдар беріп жүрген кураторы, Ботаника және агроэкология кафедрасының Phd, ассистент-профессоры Чинаргул Жакыпқызына студент тәрбиелеу жолындағы еңбегі, қолдауы мен тәлімгерлігі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.

Құрметті Асылым! Сені осы жарқын жеңісіңмен тағы да құттықтаймыз! Қазақ қызының көркем бейнесін, ұлттық құндылықтар мен заманауи білімді үйлестірген өнегелі тұлға ретінде биік белестерді бағындыра беруіңе тілектеспіз. Алдағы өмір жолыңда толағай табыстар, шығармашылық шабыт пен жаңа жеңістер серік болсын!

Жеңісің құтты болсын, Асылым! Сенің жетістігің – біздің мақтанышымыз!

Ботаника және агроэкология кафедрасы