«Ақыл ой маржандары: Әл Фараби мұрасы ғылымның негізі» тақырыбындағы тәрбие сағаты — ҚазҰУ

«Ақыл ой маржандары: Әл Фараби мұрасы ғылымның негізі» тақырыбындағы тәрбие сағаты

29 қазан 2026
«Ақыл ой маржандары: Әл Фараби мұрасы ғылымның негізі» тақырыбындағы тәрбие сағаты

Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің Жасанды интеллект және Big Data кафедрасында «Ақыл ой маржандары: Әл Фараби мұрасы ғылымның негізі» тақырыбында кураторлық сағат өткізілді. Іс шараның мақсаты студенттерге Әбу Насыр әл Фарабидің ғылыми мұрасын таныстыру, білім мен адамгершілік құндылықтарының маңызын түсіндіру және ғылымға деген қызығушылықты арттыру болды.

Іс шараға қатысқан білім беру бағдарламасы мен академиялық топ: Деректер ғылымы 4-курс студенттері. Куратор: Байпакбаева Салтанат Туркестанкызы. Өткізілген күні: 29.10.2026 жылы.

Тәрбие сағаты барысында Әбу Насыр әл Фарабидің өмір жолы, ғылым тарихындағы орны және философия, логика, математика, музыка теориясы салаларына қосқан үлесі қарастырылды. Студенттерге ойшылдың ғылымдарды жүйелеу туралы көзқарастары және «Ғылымдар тізбегі» еңбегінің маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар «Музыка туралы үлкен кітап» еңбегі арқылы оның музыканы теориялық тұрғыдан зерттеуге қосқан үлесі таныстырылды.

«Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегіндегі ізгі қоғам, парасатты басшылық, білім және адамгершілік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әл Фарабидің идеялары қазіргі университеттік біліммен, ғылыми жауапкершілікпен және болашақ мамандардың кәсіби мәдениетімен байланыстырылды. Тақырыпты бекіту мақсатында студенттерге ой қозғайтын сұрақтар мен шағын викторина ұсынылды.

Қорытындылай келе, тәрбие сағаты Әл Фараби мұрасының қазіргі қоғам мен ғылым үшін маңызын көрсетуге арналды. Білімді ізгі мақсатқа пайдалану, сыни ойлау, жауапкершілік және үздіксіз ізденіс құндылықтары атап өтілді. Ұлы ойшылдың мұрасы жастардың зияткерлік және рухани дамуына бағдар бола алады.