ҚАЗҰУ ТҮЛЕКТЕРІ – ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ МАҚТАНЫШЫ!
2026 жылғы 4 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде өткен «Сұйықтық пен газ механикасының өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми конференциясы мен И.Д. Малюков атындағы дәрісхананың ашылуы және Ш.А. Ершин атындағы аудиторияның жаңартылу салтанаты факультет түлектерінің басын қосқан ерекше кездесу болды.
Факультетіміздің мақтанышына айналған, бүгінде ғылым, білім және басқару салаларында жоғары жетістіктерге жеткен танымал түлектеріміз:
🔹 Қожахметов Асылбек Базарбайұлы – AlmaU университетінің президенті, «Сұйық, газ және плазма механикасы» кафедрасының 1980 жылғы түлегі.
🔹 Қожахметова Марал Болатқызы – «AlmaU» тұрақты даму корпоративтік қорының директоры, «Сұйық, газ және плазма механикасы» кафедрасының 1980 жылғы түлегі.
🔹 Джайчибеков Нұрболат Жұмабекұлы – физика-математика ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Сұйық, газ және плазма механикасы» кафедрасының 1976 жылғы түлегі.
🔹 Жапбасбаев Ұзақ Қайыбекұлы – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Satbayev University зертханасының меңгерушісі, механика кафедрасының түлегі.
🔹 Сәдібеков Бақытбек – «Білім берудегі жасанды интеллектті дамыту қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалының басшысы, механика кафедрасының 2002 жылғы түлегі.
🔹 Тұңғатарова Мадина Советқалиқызы – PhD, Satbayev University кафедра меңгерушісі, механика кафедрасының 2002 жылғы түлегі.
🔹 Өмірбеков Сағын Күмісханұлы – Назарбаев Университетінің ғылыми қызметкері, механика кафедрасының түлегі.
Бұл кездесу – ұрпақтар сабақтастығының, ғылымға адалдық пен туған білім ордасына деген құрметтің жарқын көрінісі!
Түлектер басқосуында ғылыми жетістіктер, заманауи зерттеу бағыттары, университеттер арасындағы ынтымақтастық және болашақ бірлескен жобалар жөнінде пікір алмасылды.
Туған білім ордасына жанашырлық танытып, игі бастамаларға қолдау көрсетіп жүрген түлектерімізге ерекше алғыс білдіреміз!
Атап айтқанда, AlmaU университетінің президенті, факультетіміздің 1980 жылғы түлегі Асылбек Базарбайұлы Қожахметов И.Д. Малюков атындағы дәрісхананың ашылуы мен Ш.А. Ершин атындағы аудиторияның жаңартылуына бас демеуші ретінде қаржылық қолдау көрсетіп, заманауи білім беру кеңістігін қалыптастыруға зор үлес қосты.
Механика-математика факультетінің ұжымы атынан Асылбек Базарбайұлына шынайы ризашылығымызды білдіреміз! Сіздің туған факультетіңізге жасаған қолдауыңыз – жас ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылымға қызығушылығының артуына бағытталған құнды инвестиция әрі кейінгі буын түлектеріне үлгі боларлық өнегелі іс.
Біздің түлектер – біздің мақтанышымыз!
Олардың жетістіктері мен туған университетіне деген жанашырлығы – факультетіміздің ғылыми дәстүрі мен ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі.
ҚазҰУ түлектерінің бірлігі – ғылым мен білімнің жарқын болашағының кепілі!





Автор: Механика-математика факультетінің
әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі
декан орынбасары,
PhD, ассистент-профессор Б.И. Ахметова
Басқа жаңалықтар