Германия мен Швейцарияның жетекші ғалымдары география және табиғатты пайдалану факультетінде көшбасшылық дәрістер оқыды — ҚазҰУ

Германия мен Швейцарияның жетекші ғалымдары география және табиғатты пайдалану факультетінде көшбасшылық дәрістер оқыды

5 қараша 2026
Германия мен Швейцарияның жетекші ғалымдары география және табиғатты пайдалану факультетінде көшбасшылық дәрістер оқыды

2026 жылғы 4-5 қарашада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде үш көшбасшылық дәріс өтті. Дәрістерді Германия мен Швейцария университеттерінің шетелдік ғалымдары оқыды.

Дәрістер циклын 4 қарашада Гиссендегі Юстус Либих университетінің (Германия) профессоры Рузбех Мирзаеи ашты. Ол туризмді басқару, туристік маркетинг және тұрақты туризм саласының маманы. Оның «Leadership in Higher Education: Lessons from Justus Liebig University Giessen» атты дәрісі жоғары білім берудегі көшбасшылыққа арналды. Профессор неміс университетіндегі басқару тәжірибесімен бөлісіп, оны қазақстандық академиялық ортада қалай қолдануға болатынын айтты. Дәрісті тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы ұйымдастырды.

5 қарашада студенттер, магистранттар, докторанттар және оқытушылар алдында Цюрих университетінің (Швейцария) профессоры Кристиан Хюгель сөз сөйледі. Ол гляциология, климаттың өзгеруі, табиғи қауіптер және тәуекелдерді бағалау салаларындағы әлемнің жетекші мамандарының бірі. «The big Blatten glacier disaster in Switzerland: assessment and lessons learned in terms of disaster risk management and inter-country comparison» атты дәріс 2025 жылы мұздықтың опырылуынан қираған Швейцариядағы Блаттен ауылындағы апатқа арналды. Профессор бұл қауіптің қалай бағаланғанын, оның табиғи апаттар қаупін басқару үшін қандай сабақ бергенін талдап, әртүрлі елдердің тәсілдерін салыстырды. Бұл тақырып Қазақстан үшін ерекше өзекті, себебі факультет Іле және Күнгей Алатауындағы ақтарылу қаупі бар мұздық-мореналық көлдер мен сел қаупін зерттейді. Дәрісті метеорология және гидрология кафедрасы ұйымдастырды.

Сол күні Қазақстан-Қытай зертханасында Марбург университетінің (Германия) профессоры, физикалық география, гидрология және топырақтану саласының маманы Кристиан Опп дәріс оқыды. Ол «Global Environmental Syndromes Series» сериясын таныстырып, Орталық Азияның екі экологиялық синдромы туралы айтты: Арал теңізі синдромы және «шаңды қазаншұңқыр» (Dust Bowl) синдромы.

Дәрістер тыңдаушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, қызу пікірталаспен аяқталды. Шетелдік әріптестермен кездесулер факультеттің халықаралық ғылыми ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді, бірлескен зерттеулер мен академиялық ұтқырлыққа жаңа мүмкіндіктер ашады.