АКАДЕМИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетіне 2026 жылдың 3-5 қарашасы аралығында Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің ғалымдары академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында келді. Академиялық сапар А. Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы мен Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің PhD, доценті, кафедра меңгерушісі М.Т. Асадов, PhD, доцент Н.Б. Рашидова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Н.А. Сулаймонова, PhD Ю.Т. Дусмурадова, PhD, доцент З.Е. Бекмурадова және PhD М.Э. Мухаммадиева білім алушыларға дәріс оқыды.
Академиялық сапардың негізгі мақсаты – екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды нығайту, филология саласындағы өзекті зерттеу бағыттары бойынша тәжірибе алмасу, білім беру үдерісіне озық ғылыми-әдістемелік тәжірибелерді енгізу, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға негіз қалау.

Сапар барысында ғалымдар Филология факультетінде ұйымдастырылған дәрістерге қатысып, кафедралардың ғылыми-зерттеу бағыттары, қалыптасқан ғылыми мектептері, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуеті және жүзеге асырылып жатқан зерттеу жобалары туралы кеңінен мәлімет алды. Кәсіби пікір алмасу барысында қазақ және өзбек тіл білімі, әдебиеттану, салыстырмалы әдеби зерттеулер, түркі халықтарының тілдік және әдеби мұрасы мәселелері де назарға алынды.
Академиялық ұтқырлық аясында өзбекстандық зерттеушілер университеттің белгілі ғалымдарымен кездесіп, ғылыми ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Кездесулер нәтижесінде ортақ ғылыми тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу, ғылыми мақалалар жариялау, академиялық тәжірибе алмасу және алдағы уақытта бірлескен ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру жөнінде жоспарлар белгіленді.
Сондай-ақ ғалымдар студенттермен кездесіп, дәрістер оқыды. Кездесу барысында білім алушыларға өзбек тілі мен әдебиетінің ерекшеліктері, түркі халықтарының ортақ рухани-мәдени мұрасы және қазіргі филология ғылымының даму бағыттары туралы мазмұнды ақпарат ұсынылды. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ғалымдармен еркін пікір алмасты.
Бағдарлама аясында Өзбекстаннан келген ғалымдар ҚазҰУ қалашығын аралап, университеттің инфрақұрылымымен және білім беру ортасымен танысты. Сонымен қатар Әл-Фараби кітапханасының құрылымын, бай библиографиялық қорын, ғылыми-ақпараттық ресурстары мен зерттеушілерге арналған мүмкіндіктерін көрді.
Аталған академиялық ұтқырлық бағдарламасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті арасындағы ғылыми-академиялық ынтымақтастықты дамытуға, түркітану және филология салаларындағы зерттеулерді тереңдетуге, білім беру мен ғылыми-зерттеу тәжірибесін өзара байытуға, сондай-ақ халықаралық академиялық байланыстарды кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
А.Ж. Амиров, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, ассистент-профессор;
С.Д. Дәрібаев, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, ассистент-профессор;
Б. Каспихан, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары;
А. Тойбазар, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары.
Басқа жаңалықтар