- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романына арналған әдеби-танымдық кеш өтеді
ҚазҰУ-да «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романына арналған әдеби-танымдық кеш өтеді
2026 жылғы 12 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романына арналған әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық әдеби мұраны насихаттау, көркем әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, жас ұрпақтың тарихи санасы мен ұлттық құндылықтарға құрметін қалыптастыру, сондай-ақ қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын кеңінен таныту.
Кеш барысында Қабдеш Жұмаділовтің өмірі мен шығармашылығы, қазақ әдебиетіндегі орны және «Соңғы көш» романының идеялық-көркемдік ерекшеліктері талқыланады. Шығармадағы тарихи оқиғалар, қазақ халқының тағдыры, көші-қон үдерістері, ұлттық болмыс пен тарихи жад мәселелеріне назар аударылады. Сонымен қатар романның қазіргі қоғам үшін рухани-танымдық маңызы жөнінде пікір алмасу жоспарланған.
Әдеби-танымдық кештің арнайы қонағы – тарихшы, «Қабдеш Жұмаділов атындағы халықаралық қордың» төрағасы А. Жұмаділов.
Аталған кездесу студенттер мен оқытушыларға қазақ әдебиетінің көрнекті туындысын тереңірек танып, ұлттық тарих пен әдеби мұра сабақтастығы туралы ой бөлісуге мүмкіндік береді.
Өтетін күні: 2026 жылғы 12 қараша
Уақыты: 10:00
Өтетін орны: Алматы қаласы, М. Масанчи көшесі, 39-үй, №232 аудитория (кітапхана).
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті барша оқытушыларды, білім алушыларды және әдебиет сүйер қауымды әдеби-танымдық кешке қатысуға шақырады
Басқа жаңалықтар