- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Remote Work, Gig Economy and Digital Skills»: цифрлық еңбек нарығының жаңа мүмкіндіктері
«Remote Work, Gig Economy and Digital Skills»: цифрлық еңбек нарығының жаңа мүмкіндіктері
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде Экономика кафедрасының ұйымдастыруымен «Remote Work, Gig Economy and Digital Skills» тақырыбында танымдық-интерактивті іс-шара өтті. Іс-шараға «Экономика» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері қатысып, цифрлық трансформация жағдайындағы еңбек нарығының болашағы мен халықаралық компаниялардың даму стратегияларын талқылады.
Қазіргі таңда жасанды интеллект, цифрлық платформалар, қашықтан жұмыспен қамту және икемді еңбек қатынастары әлемдік экономиканың құрылымын түбегейлі өзгертуде. Бұл өзгерістер болашақ экономистерден дәстүрлі теориялық біліммен қатар, жаңа технологиялардың экономикалық ықпалын бағалауды, халықаралық бизнес-үдерістерді талдауды және өзгермелі еңбек нарығына бейімделуді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, ұйымдастырылған іс-шара студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға және олардың цифрлық экономиканың өзекті мәселелеріне деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Іс-шараның практикалық бөлімінде студенттер Google, Amazon, Uber, Netflix және TikTok компанияларының бизнес-модельдерін зерттеп, олардың жаһандық еңбек нарығындағы рөлін, цифрлық технологияларды пайдалану тәжірибесін және болашақ даму мүмкіндіктерін салыстырмалы түрде талдады. Әрбір компанияның қызметі нақты экономикалық мәселелер тұрғысынан қарастырылып, цифрландырудың жұмыспен қамту құрылымына, еңбек өнімділігіне және кәсіби дағдыларға ықпалына ерекше назар аударылды.
Қатысушылар жүргізілген талдау негізінде өздерінің шығармашылық жобаларын әзірлеп, зерттеу нәтижелерін арнайы дайындалған постерлер арқылы ағылшын тілінде таныстырды. Жобаларды қорғау барысында студенттер халықаралық компаниялардың бәсекелестік артықшылықтарын айқындап, цифрлық еңбек нарығындағы негізгі сын-қатерлерді талқылады және оларды шешуге бағытталған өз ұсыныстарын ортаға салды.
Іс-шараның ерекшелігі – теориялық білімді халықаралық компаниялардың нақты тәжірибесімен ұштастыруға басымдық берілуі. Мұндай формат студенттердің экономикалық құбылыстарды кешенді бағалауына, дербес шешім қабылдауына, шығармашылық ізденісіне және өз көзқарасын дәлелді жеткізуіне мүмкіндік берді.
Сонымен қатар қатысушылар болашақта сұранысқа ие болатын цифрлық дағдылар, икемді жұмыспен қамту үлгілері және технологиялық өзгерістер жағдайындағы адами капиталдың маңызы жөнінде пікір алмасты. Бұл мәселелерді талқылау студенттердің жаһандық экономикалық үрдістерді тереңірек түсінуіне және кәсіби даму бағыттарын айқындауына ықпал етті.
Іс-шараның маңыздылығы – болашақ экономистерді цифрлық экономиканың жаңа талаптарына бейімдеу, олардың халықаралық еңбек нарығындағы өзгерістерді талдау қабілетін жетілдіру және инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыру. Әлемдік компаниялардың тәжірибесін зерттеу арқылы студенттер цифрлық трансформацияның экономикалық тиімділікке, жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлік қызметтің дамуына әсерін жан-жақты қарастыру мүмкіндігіне ие болды.
Аталған бастама университетте тәжірибеге бағдарланған білім беру тәсілдерін дамытуға, студенттердің зерттеушілік әлеуетін арттыруға және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.
Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4 және 8-бағыттарымен үндеседі.
Ұйымдастырушылар: Экономика кафедрасының аға оқытушысы Сағынбай Ә.Ғ., аға оқытушысы Мурабилдаева Р.А., оқытушысы Сырбек П.Н.
Басқа жаңалықтар