Кафедра докторанты АҚШ-та шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ География және табиғатты пайдалану факультеті, География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының «8D07306 – Кадастр» білім беру бағдарламасы бойынша PhD докторанты Бағдат Талғатұлы Сатвалдиев 2026 жылғы 3 қазан мен 3 қараша аралығында АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Сейлем мемлекеттік университетінде (Salem State University) шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтті.

Тағылымдама докторанттың «Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы жерлерінің деградация дәрежесін бағалау» тақырыбындағы диссертациялық зерттеуі аясында ұйымдастырылды. Тағылымдаманың мақсаты зерттеу материалдарын жинау, өңдеу және талдау, жайылымдық жерлердің жай-күйі мен деградациясын бағалаудың заманауи шетелдік тәсілдерін зерделеу, сондай-ақ Жерді қашықтықтан зондтау әдістері мен ГАЖ технологияларын меңгеру болды.
Тағылымдама барысында докторант:
жайылымдық жерлердің тозуын бағалау бойынша шетелдік ғылыми әдебиеттер мен тәжірибені зерделеді;
Батыс Қазақстан облысы бойынша спутниктік, климаттық және кеңістіктік деректер базасын қалыптастырды;
жерсеріктік деректерді өңдеп, жайылымдар жай-күйінің индикаторларын есептеді, деградацияны кеңістіктік талдау мен картаға түсіру жұмыстарын жүргізді;
ArcGIS Pro, QGIS және басқа да кеңістіктік талдау құралдарымен жұмыс дағдыларын жетілдірді;
профессор Стивен Янгтан кеңістіктік талдау, спутниктік суреттерді интерпретациялау, деградациялық процестерді модельдеу және болжау мәселелері бойынша ғылыми кеңестер алды;
ғылыми семинарлар мен академиялық іс-шараларға қатысты.
Тағылымдама нәтижелері диссертацияның әдістемелік негізін нақтылауға және жекелеген бөлімдерін жетілдіруге пайдаланылады. Сонымен қатар нәтижелер бойынша ғылыми мақала дайындалуда. Тағылымдама кафедра мен шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға да ықпал етті.
Докторанттың отандық ғылыми кеңесшісі – PhD, ассистент-профессор Б.А. Рсымбетов.
Басқа жаңалықтар