Әл-Фарабидің теориялық және практикалық даналықтың дамуындағы орны — ҚазҰУ

Әл-Фарабидің теориялық және практикалық даналықтың дамуындағы орны

6 қараша 2026
Әл-Фарабидің теориялық және практикалық даналықтың дамуындағы орны

2026 жылғы 6 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының консулдығымен бірлескен «Теориялық және практикалық даналықтың дамуындағы әл-Фарабидің орны» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл басқосу ҚазҰУ мен Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO) өткізген «Әл-Фараби және оның адамзат тарихына қосқан үлесі» атты ІІ халықаралық конференция аясында ұйымдастырылды. 
Дөңгелек үстелдің ерекшелігі – философиялық пікір алмасумен шектелмей, алдағы халықаралық ғылыми жұмыстың ұйымдастырушылық негізін талқылауға арналуында. Нақтырақ айтқанда, бұл басқосу 2027 жылғы 21-22 қаңтарда Иран Ислам Республикасының Құм қаласында өтетін халықаралық конференция Секретариатының алғашқы отырысы ретінде жоспарланды. 


Дөңгелек үстелге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейрбаев пен Тегеран университетінің профессоры Хамид Мохамед Реза Парсаниа модераторлық етті. Шараға Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Сона Ахмади қатысып, екі ел арасындағы ғылыми байланысты дамытудың маңызын атап өтті. Сарапшылық талқылауға Қазақстан мен Иранның ғылыми ортасының өкілдері шақырылды. Жиында айтылған пікірлердің бірі әл-Фарабидің ғылыми тұлғасын жан-жақты тану қажеттігіне арналды. Ғалым Хамид Мохамед Реза Парсаниа ойшыл мұрасын тек исламдық немесе философиялық көзқарас аясында қарастырумен шектелмеу керектігін айтты. Ал Бакир әл-Улум университетінің профессоры Мохаммад Махди Мосаеб Горджиян Араби талқылауды нақты ұсыныспен толықтырды. Ол фарабитану және әл-Фараби философиясы бағыттарында бірлескен зерттеу жобаларын дамытуды ұсынды. 

Халықаралық «Әл-Мустафа» университетінің доценті Реза Мохаммад Али Азариян да осы пікірді жалғастырып, әл-Фараби еңбектерін саяси және мәдени тұрғыдан зерттеуге назар аударды. Ол ойшылдың идеялары белгілі бір халықтың немесе аймақтың шеңберімен шектелмейтінін, әртүрлі мәдениеттерді байланыстыратын ортақ құндылық екенін жеткізді. Дөңгелек үстелге Иран консулдығының мәдениет мәселелері жөніндегі атташесі Мухаммед Масуд Садеги, Халықаралық «Әл-Мустафа» университетінің профессоры Али Нематолла Пурманд, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманалиева, профессор м.а. Мира Балтымова және Алламе Табатабаи университетініңі шақырылған профессоры Захра Хаджи Шахкарам онлайн қатысты.


Әл-Фараби мұрасын Қазақстан мен Иран зерттеушілерінің бірлесіп зерделеуі кездейсоқ емес. Ойшылдың еңбектері шығыстық философиялық дәстүрдің маңызды бөлігі болып саналады, ал оларды әртүрлі ғылыми мектептердің көзқарасы арқылы талдау салыстырмалы зерттеулердің аясын кеңейтеді. Алдағы Құм конференциясы әл-Фараби мұрасын зерделейтін ғалымдар арасындағы ғылыми байланысты одан әрі дамыту үшін маңызды мүмкіндік болып отыр. 
Әл-Фарабидің даналық туралы ілімін қайта пайымдау – тарихи мұраны насихаттау ғана емес, білімнің қоғам алдындағы жауапкершілігін терең түсінуге ұмтылыс. Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰУ алаңындағы ғылыми бастама философиялық ойдың сабақтастығын және халықаралық академиялық диалогтың маңызын айқындайды.
Дөңгелек үстел жұмысы нәтижесінде ғылыми ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, фарабитану мәселелерін бірлесе зерттеуді жалғастыру, 2027 жылы 21-22 қаңтарда  Ирандағы Құм қаласында өтетін «Теориялық және практикалық даналықтың дамуындағы әл-Фарабидің орны» атты халықаралық конференцияны бірлесе өткізу туралы ұсыныс жасалды.