Теориядан тәжірибеге: халықаралық жобаға қатысушылар Шымбұлақ тау курортына барды — ҚазҰУ

Теориядан тәжірибеге: халықаралық жобаға қатысушылар Шымбұлақ тау курортына барды

6 қараша 2026
Теориядан тәжірибеге: халықаралық жобаға қатысушылар Шымбұлақ тау курортына барды

2026 жылғы 6 қараша. «Regenerative Tourism Education, Climate Adaptation, and Regional Perspectives» халықаралық жобалық семинарының үшінші күні шетелдік және отандық қатысушылар үшін Алматының таулы аймағына, Шымбұлақ тау курортына арнайы экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылды.

Бұл сапар регенеративті туризм мәселелерін таулы табиғи орта жағдайында тікелей қарастыруға мүмкіндік берді. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын аумақтың табиғи-ландшафтық ерекшеліктері, туристік инфрақұрылымы, тау экожүйелерін рекреациялық мақсатта пайдалану және климаттың өзгеруіне байланысты туындайтын сын-қатерлер тудырды.

Талқылаудың негізгі назарында туристік саланы дамыту мен таулы аумақтардың табиғи әлеуетін сақтау арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыру мәселелері болды. Қатысушылар туристік қызметтің қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайтып қана қоймай, табиғи ресурстарды қалпына келтіруге, биоалуантүрлілікті сақтауға және экожүйелік қызметтерді жауапкершілікпен пайдалануға қалай ықпал ете алатынын қарастырды.

Бағдарламаның практикалық бөлімі Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын іске асырумен тікелей байланысты. Атап айтқанда, 4-мақсат — «Сапалы білім» экологиялық білім мен құзыреттерді дамытуды; 8-мақсат — «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» туристік қызметтің тұрақты модельдерін қолдауды; 11-мақсат — «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» экологиялық жауапты туристік инфрақұрылымды қалыптастыруды; 13-мақсат — «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» аумақтардың климаттық сын-қатерлерге төзімділігін арттыруды; 15-мақсат — «Құрлық экожүйелерін сақтау» тау ландшафтары мен биоалуантүрлілікті қорғауды көздейді.

Осылайша, Шымбұлаққа ұйымдастырылған көшпелі бағдарлама білім беру, экология және туризмді дамыту мәселелерін тоғыстырған талқылаулардың практикалық жалғасына айналды. Сапар қатысушыларға регенеративті туризмді заманауи білім беру және ғылыми тұжырымдама ретінде ғана емес, сонымен қатар жаһандық тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің маңызды құралы ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.